09 нау, 2023 сағат 16:10

Қостанайда бапкерлер жарысқа баруға бөлінген 6 млн теңгені қалтасына басқан

Фото: © Sputnik

Қостанайда жарысқа бармаған балаларға жалған құжат жасалған, деп хабарлады Sputnik Қазақстан "Алау" ақпараттық порталына сілтеме жасап.

Прокуратураның мәліметінше, жаттықтырушылар балалардың жарыстарға және оқу-жаттығу жиындарына барғаны туралы қаржылық есептерді жалған рәсімдеп, берілген ақшаны қалтасына басып отырған. Ұрланған ақшаның жалпы сомасы – 6 миллион теңге.

Қылмыстық схема әшкереленді.

Үш жаттықтырушы сеніп тапсырылған қаражатты иемденді деген айыппен сотқа тартылды. Олар кінәсін толық мойындап, шығынды өтеген.

Екі жаттықтырушыға қатысты тараптардың өзара татуласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылған.

Ал үшінші жаттықтырушы шартты түрде 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, өйткені ұрлық әрекетінің ауқымы ауыр қылмыс ретінде есептелген.

Үкім заңды күшіне енді.