04 ақп, 2022 сағат 12:46

Қостанайда банкроттықты басқарушы 100 млн теңге пара алып ұсталды


Қостанайда банкроттықты басқарушы пара алып ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Қостанай облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің аумақтық департаменті компанияның банкроттықты басқарушысы бас директордан және коммерциялық ұйымның құрылтайшысынан дебиторлар тізіліміне енгізу үшін 100 млн теңге мөлшерінде қомақты ақша қаражатын бопсалағанын анықтады. 

Күдікті алдын ала келісілген соманың жартысын ЖШС-ның бас директоры мен құрылтайшысынан 50 млн теңге алған кезде ұсталды. 

Қостанай қаласының Тергеу соты 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. 

Коммерциялық параға сатып алу фактісі бойынша тергеп-тексеру жүріп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.