19 қар, 2020 сағат 08:37

Қостанайда апалы-сіңілілерді жезөкшелікке мәжбүрлеген жеңгетай ұсталды

10-14 қараша күндері қостанайлық полиция қызметкерлері адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алуға, жолын кесуге бағытталған «STOP-трафик» жедел іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Акция барысында ойын-сауық орындары, монша кешендері, сауналар, жалға берілген пәтерлер, қонақ үйлер, сондай-ақ шаруа қожалықтары мен құрылыс нысандары тексерілді.

«STOP-трафик» өткізу қорытындысы бойынша Қостанай облысы ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері адам саудасы және жезөкшелікпен айналысудың бірнеше фактісін анықтады. «Прогресс катализаторы» жеке қорымен бірлесіп, адам саудасының құрбаны болғандарды арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына орналастырды.

«Адамды бас бостандығынан заңсыз айыру фактілерінің бірі Б.Майлин атындағы ауданда тіркелген. Қайранкөл ауылының маңындағы шаруашылықта 33 жастағы тұрғын 2018 жылдың сәуір айынан бастап 2020 жылдың қыркүйек айына дейін 21 жастағы жігітті жайылымда үй малын қарау бойынша жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 126-бабы 3-бөлігі 2-тармағымен қылмыстық іс тіркелді.

Сондай-ақ жедел алдын алу іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары облыс орталығында 2000 және 2001 жылы туған апалы-сіңілі қыздарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген 28 жастағы әйелді ұстады. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 308-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс ретінде тіркелді», - дейді облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметіндегілер.