10 там, 2022 сағат 19:52

Қостанай облысында жоғалған бес жасар қыздың денесі табылды


Қостанай облысында бірнеше күн бұрын жоғалған бес жасар қыздың денесі табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, қыздың мәйіті Жамбыл ауылындағы өз үйінен үш шақырым жерде дронның көмегімен табылған.

Баланың денесін жасанды су қоймасынан полицияның аға лейтенанты Самат Ещанов пен ерікті Дамир Бектұрғанов тапқан.

Облыстық полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков жағдайға қатысты түсінік берді.

«10 тамыз күні іздеу жұмыстарының барысында Ерланқызы Мәдинаның денесі жасанды арнадан табылды. Бұл – үлкен трагедия. Облыс, республика тұрғындары, полиция қызметкерлерінің атынан марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтамыз. Бәріміз баланы аман-есен табатынымызға соңына дейін сеніп, үміттеніп жүрдік. Алайда, жағдай басқаша болды», - деді ол.

Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Еске салайық, 2017 жылы туған Мадина Ерланқызы 7 тамызда Қостанай облысына қарасты Жамбыл ауылындағы үйінен таңға жуық шығып кеткен. Бала 18 және 13 жастағы әпкелерінің бақылауында болған. Қыздар таңертең оянғанда бүлдіршінді таппай қалған. Қыздың анасы полицияның көмегіне жүгінген.

Баланы іздеу жұмыстарына тепловизор да қолданылды. Кейін ерікті оны қалай көріп қалғанын айтып берген еді. Жүгері алқаптарының бірінен бала тісінің ізі бар жүгері табылды. Ол сараптамаға жөнелтілді. Іздеу тобы ауыл маңайындағы егістік алқаптарына әуе шарына байланған азық-түліктер қалдырды. Сондай-ақ Рудный дельтаклубының нұсқаушылары егістік алқаптарын түні бойы дельтапландармен тінтіп шықты.