«Қостанай» халықаралық әуежайы» АҚ басшысына нысанның терроризмге қарсы қорғалуын тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін 195 мың теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті хабарлады.
«ҚР «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес көлік полицейлері «Қостанай» халықаралық әуежайы» АҚ объектісін тексеру барысында мекеме басшысының өзіне сеніп тапсырылған нысанның терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету және қауіпсіздігінің тиісті деңгейін сақтау жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны анықталды», - дейді Көліктегі полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ерлан Әлімов.
Оның айтуынша, биылғы 1 қыркүйекте полиция қызметкерлері тексеру актісіне сәйкес, ҚР ӘҚБтК-нің 149-бабының 1-бөлігімен (террористiк тұрғыдан осал объектiнiң терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету және қауiпсiздiгiнiң тиiстi деңгейiн сақтау жөнiндегi мiндеттердi орындамау және (немесе) тиiсiнше орындамау) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырды.
Аталған әкімшілік іс Қостанай қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді.
«14 қазан күні сот «Қостанай» халықаралық әуежайы АҚ басшысын әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 70 АЕК көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданды», - деді Е.Әлімов.