Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежанов COVID-19 індетімен күреске қанша қаражат жұмсалғанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақстандықтар коронавирус инфекциясы мен пневмония кезінде медициналық көмекті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы мәртебесіне қарамастан тегін алады. Қор бірінші тоқсанда коронавируспен және пневмониямен күрес бойынша іс-шараларды қаржыландыруға 71,6 млрд теңге бағыттады. Оның ішінде: медицина қызметкерлеріне үстемеақылар – 42,4 млрд теңге, медициналық көмекке және КВИ таралуын болдырмау қызметтеріне – 15,6 млрд теңге бөлді. Карантиндік және инфекциялық стационарларда 95 мыңнан астам адам емделді», - деді қор басшысы.
Қордың басқарма төрағасы ұсынған мәліметке сүйенсек, ПТР-диагностика қызметіне – 10,3 млрд теңге, мобильді бригадалар құрып, жабдықтауға – 3 млрд теңге, үйдегі стационарлар қызметіне – 33,3 млн теңге жұмсалған.