Коронавируспен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне тиесілі үстемақыны төлеу кезінде жемқорлыққа бой алдырған біраз шенеунік жазаға тартылды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Мәселен, Талдықорған қаласындағы әскери госпитальдің бастығы Көлбаевқа Алматы гарнизоны әскери сотының үкімімен 2 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы берілді. Ол госпитальдің аға медбикесі, сержант Азимахунованың делдалдығымен медициналық мекемеге жұмысқа тұрған Қасанғалиевтен 1 млн теңге немесе медициналық жәрдемақының 50 пайызын пара ретінде алғаны үшін айыпталды.
Ал Жамбыл облысында аудандық ауруханалардың бірінің басшысына қатысты пандемиямен күреске жұмылдырылған аурухана қызметкерлеріне тиесілі 2,7 млн теңгеден алым-салық жинау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Шымкент қаласындағы медициналық мекеменің лауазымды тұлғасына қатысты да вирус жұқтыру тәуекелі жоғары топқа жатпайтын қызметкерлерге 50 млн теңгеден астам үстемеақы төлегені үшін іс қозғалып отыр.
Қызылорда облысында да аудандық ауруханалардың медицина қызметкерлеріне 12 млн теңгеден астам негізсіз үстемеақы төлеу фактісі бойынша тергеу жүргізілуде.
Ақтөбе облысында да медициналық үстемеақы төлеу барысындағы заңсыздықтар бойынша мемлекеттік аудит материалдары облыс әкімдігіне шара қабылдау үшін жіберілген. Нәтижесінде Хромтау, Мұғалжар, Алға, Мәртүк, Шалқар аудандық ауруханаларының, Ақтөбе медициналық орталығының бас дәрігерлері мен медицина қызметкерлері тәртіптік жазаға тартылды.