17 там, 2020 сағат 10:49

Коронавируспен бірге өмір сүріп үйренуіміз керек – анестезиолог-реаниматолог

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар аудандық ауруханасының анестезиолог-реаниматологы Олжас Есенеев коронавируспен күресте алдыңғы қатарда жүрген дәрігерлердің бірі. Маманның пікірінше, COVID-19 вирусы бар және бола бермек. Қазіргі міндет – онымен бірге өмір сүріп үйрену, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Солтүстік Қазақстан облысында 2600-ге жуық медицина қызметкері коронавируспен күреске жұмылдырылған. Олардың бірқатары қауіпті инфекция өршігенде жұмыс істеп жүрген жерлерінен Петропавлға, инфекциялық стационарларға ауыстырылды. Солардың бірі – Қызылжар аудандық орталық ауруханасының анестезиолог-реаниматологы Олжас Есенеев. 

Қарағанды мемлекеттік университетінің және Астана медициналық университетінің түлегі. Қазіргі уақытта Петропавл қалалық көпсалалы аурухана бас дәрігерінің стратегиялық жоспарлау және қызмет сапасы бойынша орынбасары болып еңбек етеді. 

«Өзімнің негізгі жұмыс орныма тезірек оралғым келеді. Үшінші курста оқып жүрген кезімнен бастап реаниматолог-анестезиолог болуды армандадым. Ол арманым орындалды. Жақсы көрген жұмысыңмен айналысқаннан асқан бақыт жоқ деп есептеймін. 

Менің жұмысым қарқынды терапия жүргізу. Коронавирус өршіп тұрған кезде біздің инфекциялық стационарға өте ауыр халдегі науқастар жеткізіліп отырды. Олар негізінен 65 жастан асқандар және ұзақ уақыт бойы ауырғандар, сондай-ақ артериалды гипертензия, қант диабеті барлар. Коронавирус бұл науқастардың патологиясын қозғап жіберген. 

Жалпы қауіпті вирусты жұқтырып, ол асқынғанда өкпе зақымданады. Бұл қазір бәріне белгілі. Мұндайда адам өздігінен дем ала алмайды. Науқасқа реанимация мен қарқынды терапия қажет. Біздің бөлімшеге түскенде реаниматологтар мен анестезиологтар, медбибілер, санитаркалары бар үлкен команда қарсы алып, тыныс алуын қалпына келтіру үшін жұмыла іске кіріседі. Көп жағдайда сырқат бірден өкпені жасанды желдету аппаратына қосылады, оттегі беріліп, дәрі арқылы ұйқыға жіберіледі. Қан қысымын, жүрек қағысын, қандағы қант деңгейін бақылай отыра белгіленген протоколға байланысты емдейміз. Нұр-Сұлтандағы әріптестерімізбен үнемі байланыс ұстадық. Облыстың бас инфекционисі, бас реаниматологының қатысуымен үнемі консилиумдар өтіп тұрды. Барлығы бізбен байланысты үзген жоқ. Біз өзімізді қиындықпен бетпе-бет қалғандай сезінгеніміз жоқ, қолдау болды», - дейді Олжас Есенеев. 

Дәрігердің айтуынша, олар инфекциялық стационарда жылжымалы кестемен, жеке қорғаныш костюмімен жұмыс істеген. Эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтаудың нәтижесінде қауіпті вирусты жұқтырған жоқ. 

«Туғандарымызға жұқтырамыз деп алаңдамай жұмыс істеу үшін қаладағы ең жақсы қонақ үйлердің бірінде барлығымыз үлкен бір отбасы сияқты тұрдық. Бізді қажеттің бәрімен қамтыды. Сол үшін Денсаулық сақтау басқармасына, облыс әкімінің аппаратына алғыс айтамын. Туыстарымызбен, достарымызбен телефон, түрлі мессенджерлер арқылы байланысқа шығып тұрдық. 

Мен үшін жеке қорғаныс құралын киіп жұмыс істеу режиміне көшу ең қиыны болды. Үнемі қорғаныс киімімен және маска тағып жүру физикалық жағынан ғана емес, психо-эмоционалды тұрғыдан да қиындық әкелді. Үйреншікті өмір сүру салты өзгерді, бұрын істеуге болатын нәрселердің көбінен бас тарттым. Өйткені мен жұқпалы аурулар бөлімшесінде еңбек етемін. Сол себепті мен эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауға міндеттімін», - дейді дәрігер. 

Олжас Есенеевтің пікірінше, коронавирусты жұқтырғандар негізінен санитарлық талаптарды сақтамағандар немесе бұл вирустың барлығына шүбә келтіргендер. 

«Әлі күнге коронавирустың барлығына сенбейтіндер бар. Бұл вирус бар, болады, ешқайда кетпейді. Оған көнуіміз керек және бұл инфекциямен бірге өмір сүріп үйренуіміз қажет. 

Менің байқағаным, коронавирус инфекциясынан негізінен 65 жастан асқан адамдар зардап шегеді. Соның ішінде қант диабеті барлар, қан қысымы жоғары, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі және аутоиммунды ауруы барлар үйден шықпауға тырысулары қажет. Қоғамдық орындарда болған жағдайда міндетті түрде қолды сабындап жуғаны жөн. Маска тағу, қолғап кию, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау маңызды. Сондай-ақ иммунитетті жақсартуға кеңес берер едім. Иммунитет жақсы болса, ауру жеңіл өтеді. Ол үшін дәруменге бай тағамды тұтынып, күнделікті режимді ұстану керек. Яғни жеткілікті деңгейде дем алып, ұйықтау және эмоциялық фонды да ұмытпау. Дүрлікпеу, байбаламға берілмеу қажет. Бұл – иммунитеттің төмендеуіне әсер етеді. Кісі көп жиналатын жерлерге бармай және осыған орай «ұят болады» дегенді қазіргі жағдайда ұмыту қажет», - дейді анестезиолог-реаниматолог.