Коронавируспен ауруханада жатқан науқастар саны азайып келеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Күнделікті мониторингке сәйкес, өңірлер шегінде төсек-орын жүктемесі осы жылдың 25 мамырындағы жағдайға сәйкес, республика бойынша инфекциялық төсек-орындардың жүктемесі 33 пайызды құрайды және мамыр айының алғашқы күндерімен салыстырғанда, 8 пайызға, реанимациялық төсек-орындар жүктемесі 2 пайызға төмендеді», - деді министр.
Оның атап өтуінше, бұған дейін төсек-орын жүктемесі жоғары болған өңірлерде де мұндай көрсеткіш төмендеп келе жатыр.
«Нұр-Сұлтан қаласында төсек-орын жүктемесінің оң динамикасы байқалып, мамыр айында төсек-орын жүктемесінің жалпы үлесі 60-тан 47 пайызға дейін, Алматы қаласында 57-ден 35 пайызға дейін, Алматы облысында 56-дан 36 пайызға дейін төмендеді», - деді Алексей Цой.