Еліміздегі коронавирус инфекциясына қатысты жан-жақты статистика мамыр айында дайын болады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ведомстволық ресми статистикаға қатысты айтар болсақ, ол жыл сайынғы тәжірибе. Сәуірайының соңына дейін бұл жұмыс Ұлттық статистика бюросымен бірге жүргізіледі. Осы жұмыстардың нәтижесі бойынша сәуірдің соңына дейін ресми есеп қалыптасады. Статистика, өлім-жітім, барлық топ бойынша ресми есепке қатысты жан-жақты ведомстволық сатистика мамыр айында жинақталады», - деді Марат Шоранов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында.
Бірінші вице-министрдің дерегінше, Қазақстанда коронавирустың оң нәтижесімен 270 мыңнан астам, ПТР теріс нәтижесімен 51 мыңнан астам науқас тіркелген. Эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, Қазақстан Республикасы 14 күн бойы тәуекелі жоғары, яғни, қызыл аймақта тұр. Сонымен қатар тәуекел жоғары аймаққа еліміздің 8 өңірі кіреді.