19 мамырда Қазақстанда 2433 адамға коронавирус жұққаны ПТР тестпен дәлелденді. Екі күн бұрынғы мәлімет бойынша, 105 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 21 адам қайтыс болған: 17 адам – коронавирустан, 4 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмған.
Сәрсенбі күні Алматыда – 534, Қарағанды облысында – 326, Нұр-Сұлтанда – 439, Ақмола облысында – 129, Алматы облысында – 166, Павлодар облысында – 107, Батыс Қазақстан облысында 105 адамнан коронавирус анықталды. Шымкентте – 109, Ақтөбе облысында – 120, Атырау облысында – 79, Шығыс Қазақстан облысында – 85, Жамбыл облысында – 23, Қостанай облысында – 37, Қызылорда облысында – 39, Маңғыстау облысында – 63, Солтүстік Қазақстан облысында – 33, Түркістан облысында 39 науқас тіркелген.
2020 жылдың 13 наурызынан бері 366 481 адамға Covid жұққаны ПТР тестпен расталған.
Денсаулық сақтау министрлігінің 20 мамыр күнгі таратқан хабарламасында Қазақстанда індет басталғалы бері қанша адамның коронавирус пен пневмониядан қайтыс болғаны нақты айтылмаған. Бір күн бұрын министрлік "кейінірек анықталып, тіркелген" адам өлімі жайлы мәліметті (шамамен 2000 адам өлімі) коронавирус статистикасына қосқанын хабарлады. Бірақ бейсенбі күнгі хабарламада 18 мамырға дейінгі адам өлімінің жалпы көрсеткіші жоқ.
2020 жылдың 13 наурызы мен 2021 жылдың 1 сәуірі аралығында елде 322 698 адамның ПТР тесті оң шыққан. 52 713 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. Осы аралықта 6523 адам коронавирус пен коронавирус пневмониясынан қайтыс болған.
20 мамырдағы мәлімет бойынша, елімізде 35 846 адам коронавирус инфекциясынан (35 314 КВИ+ және 532 КВИ-) емделіп жатыр.
Олардың ішінде 13 265 пациент стационарда, 22 581 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.
20 мамыр күнгі мәлімет бойынша, Қазақстанда 1 млн 923 мың адамға коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде алғашқы дозасы салынған. 831 мыңнан астам адам вакцинаның екі дозасын алған.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 163 млн 913 мың адамға жеткен. 3 млн 417 мың адам вирустан қайтыс болған.