Қазақстанда алдыңғы аптамен салыстырғанда коронавирус індетінің таралуы 3,6 есе, яғни 127-ден 457 жағдайға дейін өсті, деп хабарлайды ДСМ баспасөз қызметі.
Айта кету керек, COVID-19 ауруының өсуі басқа елдерде де байқалады. Мәселен, коронавирустық инфекция бойынша сырқаттану әлемдік статистика деректері соңғы 7 күнде 15%, өлім-жітім 3%-ға өскен. Төсек-орындардың қамтылуы 5%-ды құрайды, резервте 22 мыңнан астам төсек-орын бар.
Ал, елімізде соңғы аптада анықталған 457 жағдайдың 391-і немесе 85%-ы Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына тиесілі.
"Вакцинация мәртебесін талдау кезінде пациенттердің 80%-ы КВИ-ге қарсы вакцинацияланбаған адамдар және вакцинациядан кейін 6 айдан астам уақыт өткен адамдар екендігі анықталды. Бұл факт вакцинация КВИ инфекциясынан қорғаудың және ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың жалғыз тиімді шарасы екенін көрсетеді.
Естеріңізге сала кетейік, COVID-19-ға қарсы вакцинация науқаны жалғасуда. Соңғы деректер бойынша вакцинациямен қамту - 80,2%-ды, екінші компонентпен 78,0%-ды құрады.
Ревакцинацияны 4,7 млн адам немесе тиісті халықтың 67,4% алды. Қайта вакцинацияны 170 мың адам немесе тиісті контингенттің 50,6% алды" - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта тәулігіне 20-21 мың екпе жасалады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.
"Республикада коронавирустық инфекцияға қарсы үш вакцина бар, барлығы - 2,3 млн доза. КВИ бойынша тұрақты эпидемиологиялық жағдайды қолдау мақсатында, әсіресе КВИ ауруы бойынша жоғары тәуекел тобына кіретін адамдарға ревакцинациядан өту ұсынылады" - делінген ақпаратта.