Елімізде коронавирус жұқтырған азаматтардың саны қайтадан өсіп бара жатыр. Күні кеше ғана ПТР-тест арқылы 716 адамда коронавирус індеті расталды. Демек әр адам сақтыққа көбірек мән беруі керек. Ал осы жағдайда онкологиялық ауруы бар азаматтар нені ескеруі керек? Бұл сұраққа Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Көпсалалы медицина орталығының директоры Мұхтар Төлеутаев жауап берді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы коронавирусқа қарсы әлемде вакцинаның бірнеше түрі пайда болғанын естіп жатырмыз. Кейбірінің індетке қарсы пәрмені 90-95 пайызға дейін баратыны айтылады. Дегенмен олардың қай-қайсысы болмасын толық тексеруден өткен жоқ. Әзірге зерттеу, тексеру сатысында. Сондықтан бүгінгі күні кез келген вакцинаны онкологиялық ауруы бар адамға жасатқан қолайсыз деп ойлаймын. Өйткені, ол иммунитетті қозғап жіберуі мүмкін. Онкологиялық сырқаттарға вакцина салынғаны туралы әзірге мәлімет жоқ. Вакцина әзірге ресми түрде қабылданбағанын ұмытпайық», - дейді Мұхтар Төлеутаев.
Коронавирустан қорғану үшін онкологиялық аурулары бар азаматтар нені ескеруі керек? Бұл сұраққа жауап берген онколог-маман қарапайым қауіпсіздік ережелерінің сақталуы керектігін еске салды.
«Бұған дейін дәрігерлер айтып келе жатқан қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаған дұрыс. Онкологиялық ауруы бара азаматтар, көп адам жиналатын орынға мейлінше, бармауы керек. Маска тағып, қарапайым ережелерді сақтанғаны дұрыс. Онкологияға шалдыққан адамдардың арасында коронавирусты жұқтырғандары көп емес. Ол кісілер сақтық шараларын ұстанып келеді деп есептейміз», - деп сөзін жалғастырды онколог-маман.
Елордадағы індет ушыққан маусым-шілде айында Көпсалалы медицина орталығының мамандары есепте тұрған науқастарға дәрі-дәрмегін үйіне жеткізіп беріпті. Яғни науқастар орталыққа келмей, телефон арқылы хабарласып, дәрігерден кеңес алған. Ал жергілікті емхананың онкологтары учаскелік немесе отбасылық дәрігерлер арқылы сырқаттармен қарым-қатынаста болған. Себебі олар үшін халық көп жиналатын орындарға бару қауіпті. Пациенттер Көпсалалы медицина орталыққа немесе емханаға келуі міндетті болған кезде ғана (мәселен диагностикаға) барып жүрген.
«Онкологиялық аурулары бар адамдар біздің орталыққа ем-дом алу үшін келмес бұрын жалпыға ортақ клиникалық тексеруден және коронавирус инфекциясы бойынша ПТР-тесттен өтеді. Тексерудің бұл түрінен олар жергілікті емханадан өтуі тиіс. Қаладағы емханалардың Көпсалалы медицина орталықпен келісімі бар. Емханалар анализ қорытындыларын жиып, біздің зертханаға жолдайды. ПТР-тест қорытындысы бойынша коронавирус жұқтырғаны белгілі болса, пациент инфекциялық стационарға жеткізіледі. Ол жерде алдымен коронавирустан емделіп алуы тиіс. Яғни коронавирустан емделіп жатқан науқастың онкологиялық ем-домы шегерілуі мүмкін. Ал ондай симптомдары болмаса, ол кісілер емін ары қарай жалғастырады. Менің ойымша, бүгінге дейін коронавирустың онкологиялық ауруларды туындатуға себеп болған жағдай кездескен емес. Өйткені онкологиялық ауру аяқ астынан пайда болмайды. Мысалы, созылмалы ауруы бар адам уақтылы емделмесе, оның ауруы келешекте онкологияға айналуы ықтимал. Бұл ретте 100 пайыз онкологиямен ауырып кетпейді. Бірақ онкологиялық ауруларды мұндай жағдайда ағзада пайда болу ықтималдығы жоғары. Сондықтан коронавирустың онкологияға себепші болғаны туралы мәлімет жоқ. Олай болмайды деп те ойлаймын. Себебі бұл вирустық инфекциялар сияқты өтетін сырқат», - деп түйді Мұхтар Төлеутаев.