«Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқарма төрайымы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы Диляра Қайдарова коронавирустың қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға қалай әсер ететінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Онкологиялық ауруға шалдыққан науқастардың иммунитеті өте төмен болады. Біреу химиотерапия, тағы бірі хирургиялық ем алды. Сондықтан олар иммунитеттің төмендеуінен коронавирусты тез жұқтыруы мүмкін. Біз пациенттерімізден, ең алдымен, өздеріне ұқыпты қарауды сұраймыз. Әсіресе, ауруханаға келген туыстары жұқтыруы мүмкін. Инфекцияны жұқтырмас үшін маска режимін, қол гигиенасын сақтау қажет. Егер науқасқа COVID-19 індеті қосылса, онда біз коронавирусты емдемейінше, ісікке қарсы емдеуді барлық стандарттар бойынша жүргізе алмаймыз», - дейді ол.
Дәрігер науқастарды барлық санитарлық норманы қатаң сақтауға шақырды. Әлеуметтік арақашықтықты, қол гигиенасын сақтауға және маска тағып жүруге кеңес берді.
«Қауіпті вирусты жұқтырған науқастарға химиотерапия, сәулелік терапия тағайындау мүмкін емес, өйткені бұл пациенттің жағдайын одан сайын нашарлатып жібереді. Сондықтан сақ жүру керек», – деді спикер.
Диляра Қайдарованың айтуынша, кез келген онкологиялық ауру бастапқы кезде анықталса, оның толық жазылып кететінін тілге тиек етті. Ең бастысы, адамдар жыл сайын профилактикалық тексеруден өтуі керек.
«Бұрындары қатерлі ісікке шалдыққан адамдар ауруын жасырып, ол туралы айтуға қорқатын. Қазір бәрі өзгерді. Қатерлі ісік соншалықты қорқынышты емес. Біз барлығын осы сөзден қорықпауға, сенімді түрде емделуге шақырамыз. Дер кезінде бастаған ем-дом өз нәтижиесін береді», - деп қосты елдің бас онкологы.
Қазақстанда бүгінде 187 мың адам онкологиялық есепте тұр.