07 мау, 2022 сағат 00:29

Қорғаныс министрлігінде «Әскерде нөлдік өлім» бағдарламасы әзірленеді


ҚР Қарулы күштерінде жеке құрамның қаза болуы мен жарақаттану себебін анықтайтын, оның нәтижесімен «әскерде нөлдік өлім-жітім» шаралар кешенін әзірлейтін жұмыс тобы құрылды. Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов жазғы оқу кезеңінің басталуына байланысты өткен кеңесте осындай тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қорғаныс ведомствосының басшысы жауынгерлік даярлықты қайта жаңғырту аясында сабақтарды сапалы ұйымдастыруға, жеке құрамның оқу бағдарламаларын толыққанды іске асыруына, оқыту процесіне барлық әскери қызметшілерді қатыстыруға назар аударды.

Әскери қызмет қауіпсіздігі жеке мәселе ретінде көтерілді. Руслан Жақсылықов әскери қызметшілердің жарақаттануы мен қаза болуы мәселелеріне тоқталды. Ол бейбіт уақытта мұндай фактілерге жол берілмеуі тиістігін және барлық лауазымды тұлғалар мұндай жағдайларды болдырмау үшін қажетті шара қабылдауы керектігін атап өтті. 

Әскери қызметтің тұтастай алғанда, қауіп төндіретін көптеген факторлармен байланысты екендігі айтылды. Сонымен қатар армия қоғамның бір бөлігі болғандықтан, бірқатар жағымсыз құбылыстар азаматтық өмірден Қарулы күштердің қатарына ауысып жатады. Осыған байланысты жеке құрамның қаза болуы мен жарақаттану себептеріне жан-жақты талдау жүргізетін «әскерде нөлдік өлім-жітім» бойынша шаралар кешенін әзірлейтін жұмыс тобын құру тапсырылды.

Бағдарламаны әзірлеуге Қорғаныс министрлігінің лауазымды тұлғаларын, ардагерлер ұйымдарын, білім беру және медицина мекемелерінің өкілдерін, психологтарды да тарту қажет. Осы бағдарламаны іске асырудың негізгі нысаналы индикаторы Қарулы күштерде қаза табу фактілерін толық жою болуға тиіс.

Кеңес барысында Қорғаныс министрі тілсіз жауды сөндіріп, жалын ішінде қалған адамды құтқару кезінде батылдық танытқан келісімшарт бойынша әскери қызметшілер ефрейторлар Абылайхан Омаров пен Талғат Әбжановты «Ел қорғаны» ведомстволық медалімен марапаттады. Министр Руслан Жақсылықов аталған әскери қызметшілердің төтенше жағдайда шапшаң қимылдап, дер кезінде көмекке келе алған ерлігін үлгі етті. 

Еске салайық, биылғы сәуір айының соңында кетейік, Жамбыл облысындағы Гвардейск әскери қалашығындағы госпитальде мерзімді әскери қызметке шақырылған Әлібек Қалбай қаза болды. Президент сарбаздың өлімінің себебін анықтауды тапсырды.

Маңғыстау облысында шекара қызметінде әскери борышын өтеп жүрген сарбаз өз-өзіне қол салды. Оның қайғылы оқиға алдында жазған хаттары қоса жарияланды. Мемлекет басшысы осындай келеңсіздіктердің себебін тергеп-тексеру, әскери қызметшілер арасындағы заңсыздықтарды жою және келешекте әскердегі мұндай теріс іс-әрекеттерді болдырмау үшін өзінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовтің басшылығымен арнайы комиссия құруды тапсырды.

Бұдан бөлек, Ақтаудағы әскери бөлімде мерзімді борышын өтеп жүрген сарбаз айналада болып жатқан оқиғаларға түсініксіз реакция танытып, өзімен-өзі сөйлесе бастаған. Оқиғаға қатысты әскери полиция тексеру жүргізіп жатыр.

Ал биылғы мамыр айының соңында Балқашта әскери қызметші әріптесіне оқ атты.