24 мау, 2019 сағат 13:29

Қорғаныс министрінің орынбасары: Арыстағы жарылысты егжей-тегжейлі тексереміз

ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағындағы жарылысқа байланысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қорғаныс министрлігінің өкілі осындай жағдайда бірқатар қажетті шаралар іске асырылатынын, оның ішінде эвакуациялау жұмыстары атқарылатынын атап өтті. 

«Орын алған жарылыстың ауқымы мен нақты себебі әзірге белсіз. Қазіргі кезде жарылыстың зардаптарын жою шаралары жүргізілуде. Сондықтан тексеру жұмыстары үшін тиісті уақыт қажет», - деді ол Сенатта тілшілер сауалына жауап бере отырып. 

Бұдан бөлек Т. Дәндібаев бүгін орын алған жарылысты 2009 жылғы оқиғамен салыстыруға болмайтынын айтты.

«Қару-жарақпен, әскери техникамен байланысты шаралар үнемі белгілі бір тәуекелді туындатады. Әрине, бұл оқиғаның себептерін егжей-тегжейлі тексереміз», - деді министрдің орынбасары.

Сонымен қатар тілшілер Т. Дәндібаевтан ескірген қару-жарақтың жағдайы туралы сұрады.

«Бізде кеңестік кезеңнен қалған қару-жарақ бар. Осы орайда сақтау мерзімінен асқан қару-жарақ пен оқ-дәріні утилизациялау бойынша шараларды іске асырудамыз», - деді ол.

Еске салсақ, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында жарылыс болғандығы туралы хабарлаған болатынбыз. ҚР Қорғаныс министрлігі Арыстағы жарылыстан зардап шеккендер жоқ екендігін мәлімдеді. Тоқаев Арыстағы оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс зардаптарын жоюды тапсырды.