10 шіл, 2019 сағат 14:25

Қорғаныс министрі Арыста мерт болған әскерилердің отбасына қандай өтемақы берілетінін айтты

ҚР Қорғаныс миинстрі Нұрлан Ермекбаев Арыстағы жарылыста мерт болған әскерилердің отбасына төленетін өтемақы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ең алдымен министр Қарулы күштердің жеке құрамы атынан жарылыста мерт болған үш азаматтың отбасына көңіл айтты.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қызметтік міндетін атқаруда мерт болған әскерилердің отбасында бірқатар төлемдер қарастырылған. Мәселен, лауазымына байланысты 5 жылдық еңбекақы көлемінде бір реттік төлем, жеке баспана алу үшін бір реттік төлемді айтуға болады. Өтемақы көлемі әскери қызметші жұмыс істеген өңір мен отбасы мүшелерінің санына байланысты беріледі», - деді Н. Ермекбаев Орталық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, марқұмды жерлеу, ескерткіш тұрғызу, мәйітті жерлеу орнына жеткізу шығындары көтеріледі. Өзге азаматтардың ерікті аударымдарына рұқсат беріледі.

«Біздің тәжірибеміз бойынша, қаза тапқан әскерилердің балаларын жергілікті әскери органдар бейресми қамқорлыққа алады. Олардың оқуында, жұмысқа орналасуында немесе өзге де мәселелерде көмектесуге тырысамыз», - деді министр.