28 ақп, 2022 сағат 22:05

Қордайдағы қақтығыс: үш күдіктіге қатысты сот үкімі шықты


Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қордайда болған жаппай тәртіпсіздікке қатысқан үш айыпталушыға үкім шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сот 2020 жылғы 7-8 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданы Масаншы, Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарының аумағында жаппай тәртіпсіздік орын алғанын, оған зорлық-зомбылық, өртеу, қирату, атыс қаруын, жарылғыш заттарды қолдану, сондай-ақ құқық қорғау органдарына қарулы қарсылық көрсету себеп болғанын анықтады.

Айыпталушы үш ер адамның біреуі тәртіпсіздіктерге қатысқаны және ұрлық жасағаны үшін сотталды. Екіншісі - тәртіпсіздіктерге қатысқаны, тонау, қарақшылық шабуыл, мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өткені үшін сотталды. Үшіншісі - жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін, екі және одан да көп адамды өлтіргені үшін сотталды.

"Сотталғандар кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен: жәбірленушілер мен куәгерлердің, оның ішінде қауіпсіздік шараларын қолдана отырып жауап алынғандардың айғақтарымен; сот-медициналық және басқа сараптамалардың қорытындыларымен; оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен, олардың айғақтарын тексеру және нақтылау, беттестіру хаттамаларымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденді", - делінген хабарламада. 

Сотталушылардың бірі 6 жылға бас бостандығынан айырылды, екіншісіне - 11 жыл, үшіншісіне 18 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жазасы тағайындалды.

Еске сала кетейік, Жамбыл облысының Қордай ауданында 7 ақпанға қараған түні жаппай төбелес басталды. Қайғылы оқиға салдарынан он бір адам қаза болды.

Сондай-ақ өрттің кесірінен тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандар, сондай-ақ автокөліктер бүлінді.

Кейіннен 120-дан астам қылмыстық іс тергеліп жатқандығы белгілі болды. 1 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай ауданында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті.