27 мау, 2022 сағат 16:58

Колумбияда коррида кезінде трибуна опырылып, 500-ге жуық адам зардап шекті


Колумбияда коррида фестивалі кезінде трибуналар құлап, төрт адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі The Sun басылымына сілтеме жасап.

Ел астанасы Боготадан оңтүстік-батысқа қарай 146 шақырым жерде орналасқан Эль-Эспиналь қаласындағы уақытша стадионда бақылау алаңының үш деңгейлі ағаш жақтауы опырылып құлады. 

Оқиғадан төрт адам қаза тапқан: ер азамат, екі әйел және бір бала. Фестивальге келген тоғыз адам аренаға құлап, оларды бұқа сүзген. 

Құтқару қызметі дереу зардап шеккендерді шығарып, жаралыларды эвакуациялауға және оларға алғашқы медициналық көмек көрсетуге кірісті. 

Ауыр жарақат алғандар Сан Рафаэль ауруханасына жіберілді. 

Колумбияның жаңа президенті Густаво Петро қала басшыларын бұдан былай адам немесе жануарлар төбелесетін шоуға рұқсат бермеуге шақырды. 

Оның айтуынша, мұндай қайғылы оқиға бұған дейін Синселехо қаласында болған.