30 қаз, 2019 сағат 16:28

Қоқыс шығару тарифін көтеру керек – вице-министр

Қоқыс тарифін көтермеген жағдайда елімізде тұрмыстық қатты қалдықтар мәселесі шешілмейді. Бұл туралы «Қазақстанның қалдықтарды қайта өңдеу стратегиясы» тақырыбында өткен Франция Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасының форумында Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ТМД-дағы ең төмен тарифтер біздің елде. Еуропа туралы тіптен айтпай қояйын. Өкінішке қарай, Алматы қаласы ғана қоқыс шығару тарифін 549 теңгеге көтерді. Астанада бұл 246 теңге. Алматы қаласындағы тарифте қоқыс шығарумен қатар қайта өңдеу тарифі бар. Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы тариф тек қоқыс шығару мен жою үшін ғана, қайта өңдеу тарифі жоқ. Тариф болмағанмен, әдістеме бар. Түбі осыған келуіміз керек. Біз қоқыс тарифін көтермеген жағдайда елімізде тұрмыстық қатты қалдықтар мәселесі шешілмейтінін түсінуіміз керек», - дейді вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов.

Ол бұл сұрақ жергілікті атқарушы органдарына қатысты екенін айтты.

«Біз тариф кезең-кезеңімен көтерілуі керек деп санаймыз. Тариф бағасы әр аймақта бірдей бола алмайтыны түсінікті. Біз әр аймақтың ерекшелігін, қалдық мөлшерін, материалдық жағдайын, халықтың әлеуметтік топтарын ескеруіміз керек. Бұл өте қиын мәселе, сондықтан «тариф бағасы 500 теңге, немесе 1000 болуы керек» деп айту – дұрыс емес», - дейді вице-министр.

Еске сала кетсек, жиында Франция-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Жерар Фриес кәсіпорындар қалдықтарының құрамында улы заттар жоқ екендігін дәлелдеуі керек деген пікір айтты.