12 қар, 2019 сағат 20:08

Көкшетауда 80 оқушының "улану" себебі анықталды

Көкшетау қалалық №2 орта мектеп лицейінің 80 оқушысының ауырып қалу себебі анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ақмола облысы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметінше, балалар ішек инфекциясы вирусын жұқтырған.

«Тамақтан улану расталмады. 80 оқушының барлығы сол күні асханадан тамақтанған жоқ. Ата-аналарының сөзінше, ішек ауруларының белгілері байқалды. Осы ретте, айта кету керек, қазіргі кез - вирусты жұқпаның маусымы. Бірқатар жұқпалы аурулар іш өту, құсу, бас айналу, жүрек айну түрінде байқалады. Сонымен қатар, мектеп бөлмелері мен жертөлелерінде зиянды заттарға сараптама жүргізілді. Оның нәтижесі бойынша зиянды заттар табылмады. Қарашаның 9 және 10 күндері мектепте дизенфекция жүргізіліп, сүзгі ұйымдастырылды.

Бүгінгі таңа мектептің тамақтану блогы уақытша тоқтатылды. Тексеріс кезінде бірқатар ереже бұзылушылықтар анықталды. Оның ішінде бір аспаздың медициналық тексерістен өтпегені, тамақтану блогы иесінің медициналық кітапшасы, сатып алынған сусындар мен шырындардың сертификаттары болмаған», - деді департамент мамандары.

Жалпы оқушылардың жағдайлары жан-жақты бақылауға алынған. Күн сайын сабаққа келмеген оқушыларға мониторинг жүргізілуде. Мектеп бойынша күніне орта есеппен 2 мыңнан астам оқушының 90-ны түрлі себептермен сабақта болмайды екен.

Ақмола облыстық балалардың жұқпалы аурулар ауруханасының меңгерушісі Виктория Пичкунованың айтуынша, қазіргі кезде ем алып жатқан балалардың жағдайы жақсы.

«Аурханада болған үш күнннің ішінде балалардың жағдайы жақсарды. Ешқайсысының да қызуы көтеріліп тұрған жоқ. Тамақтарын ішуде, өздерін жақсы сезінеді. Балалар вирусология бойынша – ішек жұқпасы мен бактериялды жұқпаның барлық түріне жан - жақты тексерілуде. Балалардың жұқпалы аурулар ауруханасына қалалық №2 орта мектеп лицейінен 14 оқушы жүгінді, қалған балалар тексеруден кейін үйлеріне жіберілді», - деп түсіндірді Виктория Пичкунова

Ал, Көкшетау қалалық білім бөлімінің басшысы Бейбіт Жүсіпов әлеуметтік желіде 250 баланың уланғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтындығын жеткізді.

«Ішек вирусы белгілері 80 оқушыда байқалды. Оның 14 дәрігерге жүгінді. Қазіргі кезде, 80 оқушының 37 ғана мектепке бармайды. Сондықтан, карантин жариялаудың қажеті жоқ, мектепте сабақ штаттық режимде жүргізілуде», - деді қалалық білім бөлімінің басшысы.

Еске сала кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, 2019 жылғы 7 қарашада Көкшетау қалалық №2 орта мектеп лицейінің 80 оқушысы бас ауруы және жүрек айнуы шағымымен сабаққа бармаған болатын.