Көкшетау тұрғынынан ақша бопсалаған төрт адамнан тұратын қылмыстық топ қолға түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, 24 наурызда Көкшетау қалалық Полиция басқармасының кезекшілік бөліміне 20 жастағы жергілікті тұрғын арызданып, белгісіз біреулердің одан ақша бопсалағанын айтқан. Қаскүнемдер қорқыту және күш қолдану арқылы жәбірленушіден 200 мың теңге талап еткен. Ол бұл ақшаның 80 мың теңгесін күдіктілерге беріп қойған.
«Бұл оқиға Қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді», - деді ведомстводан.
Полиция қызметкерлі анықтағандай, күдіктілер қылмысқа алдын-ала дайындалған. Тіпті, материалдық шағымды ұсынудың сылтауын да алдын-ала ойластырған. Тергеу барысында барлық күдіктінің аты-жөні анықталды.
«25 наурызда Ақмола облысы Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру шарасының нәтижесінде Көкшетау қаласының 20-24 жас аралығындағы төрт тұрғыны ұсталып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі кезде күдіктілердің үшеуі де уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды», - деп толықтырды ведомстводан.