Ақмола облысында ер адам банкоматта өзге біреудің қалдырып кеткен жарты миллион теңгесін иемденіп кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға 27 қазанда Көкшетау қаласында орын алды. 39 жастағы жергілікті тұрғын арызданып, белгісіз біреудің 540 000 теңге ақшасын банкоматтан шешіп алып кеткенін айтқан.
«Анықталғандай, зардап шегуші банкомат арқылы ақша аудармақшы болған. Ол алдымен ақшаны ұяшыққа салып, кейін операцияны толық аяқтаусыз қалдырады. Осы кезде одан кейінгі клиент ол ақшаны алып, банктің қауіпсіздік қызметіне айтпай кетіп қалады», -дейді ведомстводан.
Тәртіп сақшылары ер адамды анықтады. Ол Көкшетау қаласының 45 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазіргі кезде оған процессуалдық шешім қабылдау мәселесі қаралып жатыр.