Қоғамға қиыншылық тудырмағанымыз абзал. Мұндай пікірді жазушы, композитор, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақанов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әлемді қалтыратып, күйзеліс әкелген індет кең байтақ Қазақстан жерін жайлап отырған ардақты жұртымызды ауыр жағдайға душар етті. Осы жылы қаншама адамдардан айырылдық. Оның барлығы шындық. Сол індеттің ілмегіне ілінгендердің бірі мен едім. Дәрігерлердің күні-түні сабылған қиямет еңбегінің арқасында аман қалдық. Сондықтан ел-жұрт сақтық танытып, денсаулықтың қадірін саналы түрде түсініп, қоғамға қиыншылық тудырмағанымыз абзал. Әсіресе, дәрігерлер ұсынған кеңестерді қаперде ұстау қажет. Басымынан өткесін оның ауыртпашылығын толық түсінемін. Қара тобыр болып әр жерде бір түкке қажеті жоқ жиналыс өткізуден аулақ болайық», - деді Илья Жақанов.
Сонымен қатар, жазушы індетпен күрес жолына жұмылдырылған дәрігерлер қаумына алғысын білдіріп, Қазақстан халқын Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.