Фото: Polisia.kz
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов күні кеше қатаңдатылған қоғамдық орындарда былапыт сөз айтқандарға жазаның күшеюіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қоғамдық орындарда айтылған балағат сөз үшін жауапкершілік бұрын да бар-тұғын. Ендігі уақытта ол қатаңдатылды. Айта кететін жайт, біз бірден балағат сөзге мән береміз, ал негізі заң алдымен вандализммен күресуді көздейді. Бізде көпқабатты тұрғын үйлерді, лифтілерді бүлдіру фактілері көптеп тіркеліп келді және айыптыларды жауапкершілікке тарту мүмкіндігі болмады. Сондықтан да бүлдіру, зиян келтіру әрекеттері бойынша жауапкершілік күшейді. Оның ішінде қоғамдық орындарда балағат сөз айту да бар», - деді Марат Ахметжанов Үкімет отырысынан кейін журналистердің сұрағына жауап бере отырып.
Министрдің айтуынша, жауапкершіліктің күшеюі қоғамның дөрекі сөзге мүлдем төзбеушілік деңгейін арттырады.
«Енді қоғамдық орында балағат сөз айтқандар лайықты жазаға тартылады. Себебі көпшілік жерде былапыт сөйлеу - құрметсіздіктің белгісі. Мысалы, мен қазір балағат сөз айтсам жазалауға болады, өйткені бұл жерде камера бар, дыбыс бар. Дегенмен өмірде әртүрлі жағдай болады. Айтар болсақ, байқамай аяғына балғаны құлатып алса, аузынан дөрекі сөз шығып кетуі мүмкін. Бұл қоғамдық тәртіпті бұзу болып есептелмейді», - дейді ол.