16 сәу, 2021 сағат 11:54

ҚМДБ аурухана қызметкерлеріне медициналық жабдықтар мен азық-түлік себеттерін сыйлады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Зекет және қайырымдылық» қоры Рамазан айының алғашқы жұмасында «Өмірге үміт сыйла» акциясын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Игі шара Рамазан айы мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Діни басқарма Нұр-Сұлтан қаласының №1 ауруханасына медициналық жабдықтар мен азық-түлік себеттерін табыстады. 

«Қадірлі бауырлар, құрметті ақ халатты абзал жандар! Ең бірінші сіздерге өз атымыздан, мүфтият атынан алғыс айтқымыз келеді. Індет әлемдік деңгейде ушығып тұрғанда сіздер алдыңғы қатарда жүрдіңіздер, қазір де елге қызмет етуді жалғастырып жүрсіздер. Алдымен Алладан сіздердің амандықтарыңызды тілеймін. Уағыз-насихатымызда да халыққа дәрігерлердің ерен еңбегін айтып жатырмыз. Бүгін мүфтият ұжымымен бірге Рамазанның сыйлығын беруге келдік. Бұл – сіздерге амалмен, іспен көрсеткен рахметіміз», - деді ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

ҚМДБ биылғы жыл басында 7 бағыттағы жұмысқа басымдық беретінін айтқан еді. Соның бірі – қайырымдылық бағыты. 

«Емханада емделіп жатқан бауырларымызға көмегіміз тисін деген мақсатта 3 оттегі концентраты аппаратын және 30 дана пульсоксиметр, 30 дана тыныс алуға жабдығын табыстап отырмыз. Ал 150 дана азық-түлік себеті «Берекелі Рамазан сыйы» акциясымен аурухана қызметкерлеріне беріледі. Бұған дейін де қайырымдылық шараларын жасап келген болатынбыз, әрі қарай да игі шараларды жалғастырамыз», - деді Бас мүфти. 

Діни басқарманың хабарлауынша, індет кезінде «Өмірге үміт сыйла» акциясы аясында былтырдан бері 67 ауруханаға 425 млн теңгенің көмегі көрсетілген. Онда өкпенді жасанды желдету аппараттары, оттегі концентраттары, маска және қорғаныш киімдері берілген.