Фото: PROSPORT.KZ
Аптаның басынан бері Қаржы мониторингі агенттігі сотталған олигарх Қайрат Боранбаевтың түрлі активтерін қайтарғанын хабарлады. Журналистер Мәжіліс кулуарында агенттік төрағасының жуырда ғана тағайындалған орынбасары Дмитрий Малаховтан мұның немен байланысты екенін сұрады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ол Боранбаевтың өз активтерін осылайша кезеңдеп қайтаруын жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі деп атады. Сонымен қатар Малахов сотталған кәсіпкердің мемлекетке қайтаратыны әлі бар екенін айтты. Бұдан кейін "Боранбаевтың жазасы жеңілдей ме" деген сұраққа Малахов бұл соттың құзыреті екенін жеткізді.
Сондай-ақ, ҚМА төрағасы орынбасарынан басқа олигархтардан активтерді қайтару қашан жүргізілетінін және заңсыз алынған активтерді қайтару есебінде Боранбаевтан басқа кімдер тұрғаны сұралды.
"ҚМА жұмысының ерекшелігіне байланысты бұл адамдар бізге белгілі, сондай-ақ олардың иелігіндегі, соның ішінде шетелдегі мүліктері де белгілі. Белгілі бір тұлғалар бар әрбір қылмыстық іс бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр", - деді Малахов қысқаша.