Климаттың өзгеруі су және азық-түлік қауіпсіздігімізге қауіп төндіреді. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев «ECOJER» халықаралық конгресінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Республикамыз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында өтіп жатқан «Болашақтың бағдары – тұрақтылық» халықаралық конгресінде сіздерді Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің атынан құттықтауға рұқсат етіңіздер. Айта кетерлігі, бұл іс-шара Дүниежүзілік қоршаған орта күні қарсаңында өткізіліп жатыр. Қазіргі уақытта тұрақты даму мәселелері әлемдік күн тәртібінің маңызды бөлігі болуда. Біз климаттың қалай ыстық болып жатқанын, судың азая бастағанын және мұздықтардың шегінгенін байқаймыз. Климаттың өзгеруі біздің су және азық-түлік қауіпсіздігімізге қауіп төндіреді», - деді министр.
Оның атап өтуінше, Қазақстанның гүлденуі мен әл-ауқаты осыған байланысты екенін түсіне отырып, ел басшылығы климаттың өзгеруі мәселелеріне ерекше назар аударуда.
«Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түрлі халықаралық алаңдарда климат мәселелерін бірнеше рет көтерді. Соның бір мысалы – «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы, «жасыл» экономика бойынша тұжырымдаманы қабылдау, Париж келісімін ратификациялау және тағы басқалар», - деді Мағзұм Мырзағалиев.