29 қыр, 2020 сағат 12:08

Клиенттерінің ақшасын ұрлаған қазақстандық банк қызметкері БАӘ-ден депортацияланды

Банк клиенттерінің ірі көлемдегі қаржысын талан-таражға салу күдігіне ілігіп, халықаралық іздеу жарияланған қазақстандық Дубайда қолға түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«57 жастағы әйел бірнеше жыл бойы клиенттеріне білдірместен, олардың депозиттік есепшоттарындағы ақшаларын заңсыз аудару арқылы 32 млн теңгеден астам шығын келтірген.

Қылмыстық қудалаудан жалтару мақсатында банктің бұрынғы қызметкері Қазақстан аумағынан Бірікен Араб Әмірліктеріне ұшып кеткен. Осыдан кейін Интерполдың Қазақстандағы ұлттық орталық бюросы «тұтқынға алу» бұлтартпау шарасымен халықаралық іздеу жариялаған.

Осы жылдың 18 қыркүйегінде ҰР ҚК 189-бабында көзделген қылмысты жасағаны үшін халықаралық іздеуде болған қазақстандық Дубайда тұтқындалып, Қазақстанға депортацияланды», - делінген Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті ақпаратында. 

Күдікті әйел уақытша оқшаулағышқа қамалып, ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабымен қылмыстық іс қозғалды.