04 жел, 2019 сағат 20:12

ҚХЛ: «Барыс» «Йокерит» командасынан жеңіліп қалды

Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуінде Финляндияның «Йокерит» командасын қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Екі команда турнир кестесінде қатарлас келеді. Атап айтқанда, 32 ойыннан кейін «Барыс» 42 ұпаймен оныншы, «Йокерит» 39 ұпаймен 13 орында тұр. Сондықтан да бүгінгі ойын тартысты өрбіді деуге негіз бар.

«Барыс» хоккейшілері алғашқы минуттан тізгінді қолға алуға тырысты. Бірнеше қауіпті сәттерді ұйымдастырды. Дегенмен оны голға айналдыруға келгенде сәттілік жетіспей жатты. Есесіне ойынның екінші кезеңінде фин хоккейшілері елордалық клуб қақпасына екі шайба соғып кетті. Алдымен 25-минутта Йон Норман есеп ашса, 37-минутта Брайан О'Нилл есепті ұлғайта түсті. Ал 44-минутта елордалық хоккейші Роман Старченко есеп айырмасын қысқартты. Дегенмен одан кейін 52 -минутта «Йокерит» сапынан Марко Анттила мергендігімен көзге түссе, 58-минутта «Барыс» хоккейшісі Кёртис Волк қарсыластар қақпашысын қапы қалдырған еді. Десе де 59-минутта фин хоккейшісі Марко Анттила қорытынды есепті белгіледі. Нәтижесінде «Йокерит» 4:2 есебімен жеңіске жетті.

Айта кетерлігі, екі команда бүгінге дейін тоғыз мәрте шеберлік байқасқан. Нәтижесінде 6 кездесуде елордалық клуб басым түссе, үшеуінде фин командасы жеңіске жетті.

Бұдан бұрын «Барыс» Беларусьтің «Динамо» (Минск) командасын ірі есеппен жеңген болатын.

Енді «Барыс» қатарынан бес ойынды сыртта өткізеді. Алдымен 7 желтоқсанда Ресейдің «Сочи», 9 желтоқсанда «Авангард» (Омбы), одан кейін 18 желтоқсанда «Торпедо» (Нижний Новгород), 20 желтоқсанда «Витязь» (Подольск), 22 желоқсанда «Спартак» (Мәскеу) командаларымен кездеседі.