Фото: Facebook.com
Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия бұрын заңға қарамастан тәркіленбей қалған ел аумағындағы объектілерге ревизия жалғастырып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бүгінде осындай 36 нысан (коммерциялық және тұрғын жылжымайтын мүлік, жер учаскелері) анықталған.
"Шығыс Қазақстан облысында орналасқан Храпуновтың 8 жер учаскесін тәркілеу туралы атқарушылық іс жүргізу қозғалды", - деді комиссия өкілдері.
Сондай-ақ, Жоғарғы Сот Төлешовтің (билікті басып алуға әрекет жасағаны үшін сотталған, Шымкент сыра зауытының бұрынғы иесі) активтерін (Шымкенттегі балабақша және Сарыағаштағы профилакторий) заңсыз қайта ресімдеудің күшін жою туралы прокуратураның кассациялық өтінішхатын қарастырып жатыр.
Сонымен қатар олигополиялардың пайдасына қабылданған сот актілері бойынша Жоғарғы сот сатысына 4 наразылық келтірілді. Оларды қайта қарау мемлекетке 30 миллиард теңгеге жуық залалды өтеуді көздейді.