Еліміздің Халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға өседі. Бұл жайында ҚР Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Біздің ХҚКО қызметкерлерінің жалақысын көтеру туралы ұсынысымыз жақында қолдау тапты. Бұл мемлекеттік қызмет көрсету саласы үшін маңызды қадам деп есептеймін. Осы шешімді қолдағаны үшін ел басшылығы мен парламентарийге ризашылығымды білдіремін. Мемлекеттік корпорацияның Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы операторлар, өз кезегінде мемлекеттің өкілі ретінде мемлекеттік қызметтерді көрсетуде күнбе-күн тұрғындармен жұмыс істейді. Кейбіреулер үшін бұл жаңалық болуы мүмкін. Бірақ, 648 түрлі қызмет көрсетудің қыр-сырын меңгерген инспекторлардың жалақысы 70 мың теңге. Әрине, өте аз. Кадрлардың тұрақтамауы, бос жұмыс орындарының көптігі, кадр тапшылығы осыдан туындайды», - деп жазды министр.
Оның атап өтуінше, осы айдан бастап республика бойынша ХҚКО-дағы 8500 қызметкердің жалақысы 30 пайызға өседі. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қойылатын талаптар да артады.
«Осы орайда, Мемлекеттік корпорацияға (Азаматтарға арналған үкімет/ Правительство для граждан) »құпия сатып алушы« тәсілімен филиалдардың жұмысына талдау жүргізу тәжірибесін қайта қолға алуды тапсырдым», - деді Асқар Жұмағалиев.