Фото: elements.envato.com
Енді қазақстандықтардың кредиті мемлекет қаржысы есебінен кешірілмейді. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту" тақырыбына арналған парламенттік тыңдаудан кейін журналистер Әбілқасымовадан халықтың кредиті кешіріле ме деп сұрады.
"Өкінішке қарай, 2019 жылы кредит кешірілгеннен кейін қаржы секторында кредиттің көлемі қайтадан өсіп кетті. Оның ішінде проблемалық кредиттер де көбейді. Сол себепті біз мемлекет қаржысын бөліп, несиені қайта-қайта кешіре берсек, одан осындай жаңа кредиттер пайда болады", - деп түсіндірді Әбілқасымова.
Ол халықтың шамадан тыс қарызын азайту үшін агенттік қандай шаралар қабылдағанын айтты.
"Біз енді осы міндетті банктер мен микроқаржы ұйымдарына, коллекторлық агенттіктерге жүктеп қоямыз. 2021 жылы тиісті заң қабылданған болатын. Оған сәйкес, банктер проблемалық берешекті реттеудің міндетті рәсімін жүргізуі керек. Егер қарыз алушы банкке жүгінсе, ол осындай рәсімді жүргізуге міндетті", - деді агенттік төрағасы.
Осы рәсімді жүйелі түрде жолға қою үшін президенттің тапсырмасымен биылдан бастап барлық банк, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер проблемалық кредиттермен жұмыс істеу туралы жеке жоспарын әзірледі.
"Ол жоспар аясында 1 млн 449 мың адамды қамту жоспарланып отыр. Бұл жоспар міндетті түрде жаңартылып тұрады. Оның ішінде банктердің кредитті қайта құрылымдауы, несиені ішінара немесе толық есептен шығару шаралары бар. Мысалы қарыз алушының несиені төлеуге шамасы жоқ болса, қарызы қатты көп болмаса немесе ол бірнеше жылдан бері проблемалық кредит болса, банктер сол кредитті ішінара немесе толығымен өз қаражатынан есептен шығарады", - деді Әбілқасымова.