30 мам, 2022 сағат 17:46

Халықаралық олимпиада жүлдегерлері университетке ҰБТ тапсырмай түсе алады - министр


Халықаралық олимпиада жүлдегерлері ҰБТ тапсырмай жоғары оқу орындарына грантқа түсе алады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Халықаралық олимпиадалардың, спорттық және шығармашылық байқаулардың тізбесін бекіту туралы бұйрыққа қол қойдым. Бұл құжат жеңімпаздар мен жүлдегерлерге отандық ЖОО-да бейінді бағытта білім алу үшін гранттар бөлуге мүмкіндік береді.

Осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасы аясында заңнамаға өзгерістер енгізілген болатын. 

Енді беделді халықаралық пәндік олимпиадалардың, спорттық жарыстардың және әлемдік деңгейдегі шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-ға бейінді бағыттар бойынша грантқа түсуге мүмкіндік алды.

Бүгін Білім және ғылым министрлігі Дүниежүзілік гимназиада – 2022-нің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімін өткізеді. Оқушыларымыз әлемнің 70-тен астам елінен келген жасөспірімдерді басып озып, 86 медаль жеңіп алғанын естеріңізге сала кетейін. Осылайша ұлттық құрамамыз ІІІ орынды иеленген болатын. 

Енді олар бірінші болып ЖОО-да оқу үшін гранттар алады. Жас дарындар Мемлекет басшысының шешімі арқасында осындай қолдауға ие болып отыр", - деп жазды министр Facebook-те.