Қазақстанда КВИ-ге қарсы үш вакцина қолжетімді болады. Бұл туралы халық алдында есеп беру кездесуінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазіргі уақытта елімізде шектеу жоқ, вакцинаны Қазақстанның кез келген қаласында ектіруге болады. Осы орайда жақында орналасқан емханаға немесе екпе жүргізіліп жатқан сауда орталығына баруға мүмкіндік жасалды. Вакцина ақысыз түрде жүргізіліп жатыр», - деп тоқталды министр Орталық коммуникациялар қызметінде.
Осы орайда ол елімізде «Спутник V» және отандық QazVac вакцинасын егу жүргізіліп жатқанын еске салды.
«Бүгін қосымша араб вакцинасын аламыз. Яғни, бұл екпе «Синофарм» компаниясының қытайлық технологиясымен өндірілген. Қазіргі кезде осы вакцинаны күтіп отырмыз. "Самұрық-Қазына" қорынан бөлек, вакцинаның 750 мың дозасы ел халқына бағытталады. Осы арқылы бізде халық үшін үш вакцина қолжетімді болады», - деді Цой.
Осылайша, министрдің айтуынша, қазақстандықтар ресейлік "Спутник V", отандық QazVac және қытайлық Sinopharm вакциналарының біреуін таңдай алады.
Бұған дейін "Самұрық-Қазына" қоры қытайлық "Sinopharm" компаниясы "Vero Cell" атауымен жасаған вакцинаның бір миллион дозасын сатып алғаны хабарланған еді.