09 шіл, 2022 сағат 07:17

Халық бір қолы жоқ такси жүргізушісіне жаңа көлік сыйлады - видео


Халық мүмкіндігі шектеулі такси жүргізушісіне ақша жинап, су жаңа көлікті сыйға тартты. Бұл туралы журналист Мақсат Толықбай өз парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Сүйінші! Алты алаштың атынан Ақарысқа темір тұлпар мінгіздік. Мүгедектігіне механика машақат болған таксишінің автомат алсам деген арманын орындадық. Кia k5 маркалы машина клиентке де, таксиге де қолайлы. Кореядан келген күйі осы. Ақарыс - Қазақстандағы бірінші қожайыны. Құтты болсын, игілігіңізге мініңіз.

Айта кетейін, осыдан бірнеше күн бұрын Яндекс таксиге отырдым. Қарасам, жүргізушінің оң қолы жоқ. Расында "механика ыңғайсыз, коробка автомат алу керек қой" дедім. "Оған жағдай қайда, арманым да сол" дейді. Қолым жоқ демей, күндіз-түні жолаушы тасып, бала-шағасын асырап, адал нәпақа тауып жүрген азамат. "Ақарысқа коробка автомат көлік сыйлап қуантсақ қайтеді" деп ұсыныс тастаған едім, инстаграмдағы ағайын қолдай кетті. Сол үшін қара ормандай қалың қолдаушы оқырманға мың алғыс!» делінген жазбада.

Ақарыс атты азамат Шымкенттегі зауыттардың бірінде жұмыс істеп жүргенде бір қолынан айырылған. Кейін отбасын асырау үшін такси жүргізе бастаған. Сонымен қатар, ер адам қатерлі ісікпен ауырады.