07 ақп, 2023 сағат 13:35

«Халқымыз бос ұран мен жоспарлардан шаршады» - Аймағамбетов

Фото: «AMANAT» партиясы

«AMANAT» партиясының кезектен тыс съезінде бұрынғы Оқу-ағарту министрі, білім саласының жанашыры Асхат Аймағамбетов сөз сөйлеп, өзінің тәжірибесі туралы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Жақында мені Астана қаласындағы мектептің оқушыларымен кездесуге шақырды. Кездесуде 7-сыныптың оқушысы күтпеген жерден қызықты сұрақ қойды. «Наурыз айында сайлау болады. Жеңіске жеткен депутаттар елімізде не өзгерте алады?» деп сұрады ол», - деді Аймағамбетов.

Экс-министр оқушыға өз басынан өткен бір оқиғаны айтып бергенін жеткізді.

«21 жасымда жергілікті мәслихатқа сайлауға түсемін деп шешім қабылдадым. Жас болсам да, ешқандай қолдаусыз осындай үлкен додаға түстім. Әрине, көп адам сенбеді. 11 қарсыласым болды. Олардың қатарында кешегі депутат, мықты кәсіпкерлер, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, басқа да білікті, елге танымал азаматтар болды. Бірақ ерік-жігердің, сенімнің, адал еңбектің арқасында сол сайлауда жеңіп шықтым.

Алдымызда үлкен жоспарлар болды. Жарық, автотұрақ сияқты бірқатар мәселені шештім. Мұның бәрі - күнделікті мәселе. Бірақ жүйелі, үлкен, ірі мәселелерді шешуге мүмкіндік болмады. Өйткені мен жалғыз болдым. Жалғыз депутат – жалғыз дауыс.

Әрине, мінберге шығып сынайсың, депутаттық сауалдарды жібересің. Бірақ одан нақты, жүйелі мәселелер шешімін таппады. Сондықтан ол кезде мен екі мәселені түсіндім. Біріншісі - жалғыз депутат үлкен мәселелерді жалғыз шеше алмайды. Екінші мәселе - елімізде үлкен саяси трансформация болмаса, онда бұл бастамалар бекер. Енді қазіргі уақытта елімізде үлкен өзгерістер болып жатыр. Сол өзгерістердің заңды жалғасы ретінде осы сайлауды көремін. Бұл сайлау елімізді түбегейлі өзгертуге жаңа мүмкіндіктер береді деп ойлаймын», - деп түсіндірді экс-министр съезде.

Аймағамбетов өзгерістер болуы үшін сенім болуы керек екенін айтады.

«Өзгерістер туралы көп айтамыз. Бірақ өзгеріс болуы үшін бізге не керек? Ол үшін сенім пайда болуы керек. Ал сенім пайда болуы үшін нақты істер керек. Халқымыз түрлі бос ұран мен жоспарлардан шаршады. Нақты іспен дәлелдеу керек», - деп толықтырды ол сөзін.