18 шіл, 2022 сағат 14:55

Хабиб қатысқан турнирді ұйымдастырушы қамауға алынды


Ақтауда Хабиб Нурмагомедов қатысқан турнирде полицейді итеріп жіберген ұйымдастырушы (Арман Тугаев - ред.) 10 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы Маңғыстау облысының полиция департаментінен мәлімдеді, - деп хабарлайды Мassaget.kz.

16 шілдеде Ақтауда халықаралық турнир өтіп, оған UFC-дің бұрынғы чемпионы Хабиб Нурмагомедов қонақ ретінде қатысты.

"Келесі күні әлеуметтік желілерде ұйымдастырушылардың бірі қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысқан полиция қызметкерін итеріп жіберген видео тарады. Видеодағы адамның жеке басы анықталып, ол Ақтау қалалық полиция басқармасына жеткізілді. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі ("Ұсақ бұзақылық") бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Материал әкімшілік сотқа жіберілді", - деді полициядағылар.

Әкімшілік сот шешімі бойынша Ақтау қаласының арнайы қабылдау орнында 10 тәулікке қамауға алу туралы қаулы қабылданды.

Еске салайық, Naiza 41 х Eagle 48 ММА бойынша халықаралық турнир аяқталғаннан кейін Ақтау жағалауында жанкүйерлер UFC экс-чемпионы Хабиб Нурмагомедовқа қарай жүгірген.

Олар Хабибті қоршап алған, алайда спортшының қасында жүрген күзетшілер мен полицейлер оған жақындатпай, спортшыны көлікке алып кеткен.