14 қар, 2021 сағат 19:45

«Керуен» сауда орталығында жігітті соққыға жыққан адам ұсталды


Елордалық полицейлер «Керуен» сауда ойын-сауық орталығында жігітті соққыға жыққан күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты.

Ағымдағы жылдың 9 қарашасында сағат 21.30 шамасында “102” арнасына Достық көшесі бойындағы “Керуен” сауда ойын-сауық орталығында белгісіз біреулер төбелесіп жатқаны туралы хабарлама келіп түскен.


Полиция қызметкерлері жас жігіттердің 17 жастағы екі қызға жақындап, танысқысы келгенін, кейін кәмелетке толмағандардың бірі жақын жердегі 19 жастағы ағасын шақырғанын анықтады. Келген бойда жастар арасында жанжал туып, төбелеске ұласқан.

Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының барысында күдікті ұсталды. Ол 31 жастағы елорда тұрғыны болып шықты.

Аталған факті “Бұзақылық” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.


Полиция департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда. Сауда орталығының жанынан полицияны жедел шақыру терминалы орнатылып, тәулік бойы патрульдеу жүргізілуде.

Сондай-ақ, заңсыз әрекеттер орын алған жағдайда дереу полицияға немесе 102 нөміріне хабарласу керектігін еске салады.