25 қаң, 2021 сағат 17:00

Кегенде 53 бас мал қарасан және пастереллезден қырылған - әкімдік

Алматы облысының Кеген ауданында 53 мал қарасан және пастереллезден өлді. Бұл жөнніде аудандық әкімдік мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Кеген ауданы әкімінің баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, шетінен қырылып жатқан мал Бөлексаз ауылындағы жеке шаруашылыққа тиесілі. Әкімдік қазір бұл шаруа қожалығы карантинге жабылғанын, ондағы мың басқа егу жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. 

«Облыстық зертхананың қорытындысы бойынша қарасан, пастереллез ауруына оң нәтиже көрсетті. Осы уақытқа дейін 19 бас қарасан ауруынан өлді. Ал алдындағы бізге хабарламай өлген 34 мал басы ветеринарлық мамандардың қатысуымен Бөлексаз ауылындағы мал өлексесі тасталынатын жерге тасталды», - деді Кеген аудандық ветеринария станциясының директоры Қабыл Төкенов.

Ал ауыл тұрғындары өлекселердің көзін жою дұрыс жүргізілмеді дейді.

«Мына ауылдың айналасындағы бүкіл су, қардың суы осылардың қожалығы арқылы өтеді. Мыналар тура су ағатын жерге салған. Бұлардың қидың астына жасырған малдың өлексесінен ауру шығып жатыр. Қашаның астынан су шығып жатыр, күн жылынғанда ол өзенге қосылады. Бүкіл мал ол жерден су ішеді. Малдың сүтін біз ішеміз. Мына ауылда басқа ауру шығады енді. Біз Қазақстанға жаңа ауру түрін алып келеміз бе деп қорқып тұрмыз», дейді Бөлексаз ауылының тұрғындары. 

Сол себепті тұрғындар қожалық ауылдан көшірілсін деп талаптарын қоюда.