Монополияға қарсы департамент "Кселл" АҚ мен "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС-ға (Tele2/Altel біріккен компаниясы - еск.) қатысты тергеуді бастады. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі хабарлады.
"17 маусымда Алматы қаласы бойынша монополияға қарсы департамент «Кселл» АҚ мен «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ға қатысты монополиялық жоғары бағаларды белгілеу бөлігінде тергеп-тексерулерді бастады.
«Кселл» АҚ-ға қатысты: Азаматтардың ұялы байланыс операторларының бағасының өсуіне жиі жүгінулеріне байланысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2020-2021 жылдары ұялы байланыс және мобильді интернет қызметтерінің тарифтерін талдады. Құрамына "Кселл" АҚ және "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС кіретін "Қазақтелеком"АҚ тобының (35% - дан астам) үстем жағдайы анықталды" - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, "Кселл" АҚ талдау кезеңінде ұялы байланыс (орта есеппен 756 теңге) және мобильді интернет (орта есеппен 1765 теңге) қызметтеріне ең жоғары баға белгілеген.
"Мысалы, бірқатар операторда ұялы байланыс қызметтеріне ең төменгі баға орта есеппен 332 теңгені, мобильді интернет қызметтеріне - орта есеппен 1022 теңгені құрады.
Монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілерінің анықталуына байланысты, ұялы байланыс және интернет қызметтеріне монополиялық жоғары бағаларды белгілеу белгілері бойынша «Кселл» АҚ-ға қатысты тергеп-тексеру басталды" - делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ, агенттік «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ға қатысты 2020-2021 жылдары SMS-тарату қызметтері нарығындағы баға мониторингінің қорытындысы бойынша басқа байланыс операторларымен салыстырғанда, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ның бағаларды өсіргенін анықтаған.
"Байланыс операторлары 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда SMS-тарату тарифтерін орта есеппен 14,03%-ға арттырған. Бұл ретте, ең жоғары орташа баға «Қазақтелеком» АҚ тобына кіретін «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-да және «КаР-Тел» ЖШС-мен салыстырғанда «Кселл» АҚ операторларында тіркелді. Бағаның ең жоғары өсу қарқыны «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС мен «Кселл» АҚ-да тіркелді.
SMS-тарату қызметіне монополиялық жоғары баға белгілеу белгілері бойынша «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС қатысты тергеп-тексеру басталды" - дейді ведомство өкілдері.