«Қазпошта» АҚ сәлемдемеде жоғалған телефон туралы ақпарат үшін сотқа жүгінеді. Бұл туралы «Қазпошта» АҚ тәуекелдер және комплаенс жөніндегі басқарушы директоры Нұрқанат Нұрақынов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ішкі қызметтік тексеру растағандай, Қазпошта» АҚ-ға қатысты таратылған мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді. Осыған байланысты біз компанияның имидждік іскерлік беделіне нұқсан келді деп есептейміз, өйткені осындай ақпараттың таралуынан қоғамның іскерлік беделге теріс әсері қалыптасады», - деді Н. Нұрақынов «Қазпошта» ғимаратында өткен брифингіде.
Осыған байланысты, спикердің айтуынша, компания заңды мүдделерін қорғау үшін азаматтық сот ісін жүргізу тәртібінде сот органдарына жүгінуге мәжбүр.
«Тиісті құзыретті органдар компанияға қатысты ақпарат таратқан адамның іс-әрекетіне құқықтық баға береді. Сонымен бірге, елдің азаматтық заңнамасында көзделген тәртіппен компания кінәлі адамның теріс мәлімет таратуынан келген ықтимал залалды өтеуі мәселесін қарастырады», - деп түйіндеді Н. Нұрақынов.
Айта кетейік, 10 ақпанда бірқатар БАҚ-та елорда тұрғыны Илья Гришко туралы сюжет шыққан еді. Онда И. Гришко «Қазпошта» сәлемдемесінде өзі тапсырыс берген ұялы телефонның жоғалуына шағымданған.