Қазақ жазуы, кез келген басқа жазу сияқты, ұлттық әліпбиге және ұлттық графикаға негізделген. Жазбаша тіл – ауызша тілдің графикалық бейнесі. Графика - жазуда қолданылатын таңбалардың жиынтығы. Ол әдетте фонемалық жазуға байланысты қолданылады. Жазбаша тілдің ережелері мен заңдылықтарын тіл білімінің графика және орфография қарастырады. Қазір әлемде үш түрлі жазу жүйесі кең тараған: латын, кирилл және араб жазулары.
Орфографияның үнемдеу заңдылығы әлемдегі барлық тілдердің негізгі принципі болып табылады. Ең үнемді әліпбиді құру мақсатында ғалымдар мен тіл мамандары фонемалар мен графемалардың арақатынасын көрсету үшін математикалық формулаларды шығаруға тырысты. Қазақ тілінде жазудың үнемдеу принципін жасаған қазақ тіл білімінің негізін қалаушы А.Байтұрсынов болған. Ол қазақ тілінің көптеген дыбыстарын шектеулі ғана әріптермен таңбалады.
Жазу сөйлеу дыбыстары арқылы таңбалануымен берілетіні белгілі. Дегенмен әріптер дыбыстарға дәлме-дәл сәйкес келуі мүмкін емес. Жазу үшін ең маңыздысы ойдың мазмұнын сақтау болып табылады. Сондықтан жазудың бірінші нұсқалары сөздің дыбыстық жағын мүлдем көрсете алмады.
Ауызша тілдің заңдылықтарын зерттейтін сала фонетика деп аталады. Фонетика дыбыстардың акустика-артикуляторлық ерекшеліктерін зерттейтін болса, дыбыстардың функционалды жағын қарастыратын сала фонология деп аталады. Фонологияның ең шағын бөлшегі фонема деп аталады. Фонема дегеніміз қазіргі теориялық тіл білімінің негізгі ұғымдарының бірі. Бұл ұғым алғаш рет француз тіл білімінде қалыптасты, кейін оны Фердинад де Соссюр қолданып, одан кейін Қазан лингвистері дамытты.
ХІХ ғасырдың 80 жылдары Қазанда лингвистикалық мектеп қалыптасып, фонема ілімі орын ала бастады. Қазан мектебінің қайнар көзінде Бодуэн де Куртенэ тұрғаны белгілі. Ғалымның зерттеуінде фонема морфемаға қатысты қарастырылды және психологиялық тұрғыдан зерттелді. Одан әрі фонема теориясын Бодуэннің петербургтік шәкірті Щерба жалғастырады. Бодуэн мен Щербаның идеялары Мәскеу және Ленинград фонологиялық мектептерінің қалыптасуына негіз болды.
Сонымен фонеманы функциональды жағынан зерттейтін фонология дейтін сала пайда болды. Сол кезде басқа да ғылым салалары жедел өркендеді, мысалы: ядролық физика, квантитативті механика, микробиология, цитология, генетика. Бұл ғылым салаларында да фонологияның фонема сияқты ең шағын бөлшектері анықталып, оларға атау қойылып зерттеле бастады: ядролық физикада – атом, ядро; микробиологияда, цитологияда – жасуша; генетикада – хромосома. Қазіргі кезде бұл процестің қай ғылым саласында ертерек пайда болғаны белгісіз, бірақ фонологияның тіл білімінің басқа салаларына әсер еткені күмән тудырмайды. Фонологияда ең шағын бірлік фонема болса, бұған сәйкес тіл білімінің басқа да салаларында осындай ұғымдар қалыптасып зерттеле басталды. Морфологияда – морфема, лексикологияда – лексема, синтаксисте – синтаксема; сондайа-ақ граммема, графема, тонема, тема, ремалар пайда болды. Фонема проблемасына қатысты негізгі ұғымдар, түсініктер тіл білімінің басқа да салаларында пайдаланыла бастады, мысалы қарама-қарсы қою (оппозиция) теориясы, айырым белгілер теориясы, корреляция теориясы, инвариант-вариант теориясы, компоненттік анализ т.б. Фонологияны тіл білімінің үлкен жетістігі және оның базасы, негізгі тірегі деп бағалауға болады.
Әлемдік тіл білімінде бірнеше фонологиялық мектептер пайда болды. Прага структурализм мектебі, оның өкілдері Трубецкой мен Якобсон, француз фонологиялық мектебі, өкілдері Малмберг, Мартине, ағылшын фонологиялық мектебі, өкілдері – Джоунз, Суит, американ фонологиялық мектебі, өкілдері – Блумфильд, Суодеш, Копенгаген фонологиялық мектебі, өкілдері – Ельмслев т.б. Барлық фонологиялық мектептердің өкілдері өздерінің теориялық принциптеріне сәйкес фонетикалық құбылыстардың функционалды жағын қарастырды.
Қазақ тіл білімінде фонема туралы алғашқы түсінік А.Байтұрсыновтың еңбектерінде кездеседі. Ғалым фонема терминін қолданбаған, бірақ қазақ тілінің фонетикалық жүйесін фонологиялық тұрғыдан қарастырады. А.Байтұрсынов фонемаларды әріпке қатысты зерттеді. Сингармонизм (үндестік) заңы бойынша, қазақ тілінің барлық фонемаларын (дауысты, дауыссыз) екі топқа бөлді. Жуан фонемалар әріп таңбаларымен белгіленді, ал жіңішкелерге әдейі әріптерді арнамады. Сөздерді бірыңғай жіңішке айту үшін сөздің алдында дәйекші деген таңбаны қолданды. Қазіргі фонема теориясы тұрғысынан келсек, А.Байтұрсыновтың ілімі позиция, инвариант, дыбыс типі, вариация деген ұғымдармен сабақтасып жатыр. Инвариант фонемалардың (әріптердің) жіңішке реңктері олардың вариациялары болып есептеледі, ал адамның ой-санасында сақталған графеманың бейнесі фонемаларға сәйкес келеді.
Фонема теориясын әрі қарай дамытқан – Қ.Жұбанов. Ғалым фонеманың ең негізгі ерекшелігі – оның мағына айқындау қасиеті деп білген. Фонема әртүрлі реңктерімен және қасиеттерімен ерекшеленеді. Сонымен, фонема деген не, оның дыбыстан айырмашылығы неде? Сөз ағымында әртүрлі дыбыстар айтылады, олардың айтылу түрі көп, бірақ олар орайласып, бір дыбыс типін құрайды, оны біз фонема дейміз. Тілдің ең шағын функционалды бірлік, сөз мағынасы мен сөз тұлғасын ажырататын дыбыс типі. Фонемалар мағына айқындау жағынан бір-біріне қарама-қарсы қойылады, сонда оның негізгі қасиеті, ерекшелігі анықталады.
Фонеманы үш аспекті бойынша қарастыруға болады: физикалық, физиологиялық және лингвистикалық аспектілер. Фонеманың физиологиялық және физикалық аспектілері оның акустика-артикуляторлық сипатын қамтиды, ал лингвистикалық аспекті оның функционалды жағын қарастырады.
Тілдегі сөздердің айтылуы мен жазылуы бірдей бола бермейді. Қазақ тілінің сәйкес көптеген сөздер орфография нормадан ауытқып айтылады. Сөздерді дұрыс айту нормалары дыбыс үндестігіне, яғни ілгерінді, кейінді, тоғыспалы ықпал заңдылықтарына негізделеді. Сөздер мен сөз тіркестерінің дұрыс айтылу ережелерінің жиынтығын зерттейтін сала орфоэпия (гр. 'orthos' – дұрыс, epos – сөз, сөйлеу) деп аталады. Сөздердің дұрыс айтылуы орфоэпия сөздіктерде көрсетіліп отырады. Орфоэпия нормада дұрыс сөйлей білу сөздің әуезділігін сақтауға мүмкіндік береді, және тілдің ауызша сөйлеу нормаларын реттеп отырады. Әр тілдің орфоэпиясы сол тілдің басты фонетикалық заңдылықтарына сүйенеді.
Қазіргі таңда ауызша сөздің адамдардың өзара қарым-қатынасында, сахна өнерінде, ақпарат құралдарында мәртебесі күшейді. Қазақ әдеби тілінің бұрыннан бері қалыптасқан дәстүрлі орфоэпиялық ережелері бар. Орфоэпия тілдің айтылу нормасын қарайды. Қазақ тілтанымындағы жаңа бағыттардың дамуымен байланысты фонология, интонология, просодиканың үғымдары мен құбылыстары да орфоэпияда қарастырылады. Орфоэпия тілдің сөйлеу нормасын зерттейтін болғандықтан, қазақ тіліндегі кейбір дауыстылардың ауызша сөздегі түрленімі қазіргі латын негізді емле ережеге байланысты қарастырылады.
Мысалы, <а> дауысты фонемасы <sh> және <j> жуысыңқы фонемаларының соңынан келгенде, [á]-ге жуық айтылады, ал жазуда негізгі реңкі сақталады: shаı – [sháı],jaıbaraqat – [jáıbaraqat], jaıbasar – [jáıbasar], jaıǵasý – [jáıǵasý], jaıdaq – [jáıdaq], jaıdary – [jáıdary], jaıly – [jáıly], jaıma-jaı – [jáıma-jáı], jaısyz – [jáısyz], jaısań – [jáısań]. Сондай-ақ <а>дауыстысы сөз басында және бірінші буында [á] болып айтылады: aıgólek – [áıgólók], qadir – [qádir], qazir – [qázir] және екінші буында [á]--ға ауысады: kitap – [kitáp], kitaphana – [kitáphana].
Сол сияқты <e>, <о> және <ó> фонемалары сөз басында [ɩe], [ýo] және [úó] түрінде айтылады. Мысалы, erke – [ɩerke], eńbek – [ɩeńbek], еgin – [ɩеgin], egiz – [ɩegiz], esik – [ɩesik], elek – [ɩelek], otan – [ýotan], oqıǵa – [ýoqıǵa], olqylyq – [ýolqylyq], orama – [ýorama], orasan – [ýorasan], orman – [ýorman], oshaq – [ýoshaq], otyn – [ýotyn], omyraý – [ýomyraý]; ómir – [úómir], óleń – [úóleń], ótinish – [úótinish], ósimdik – [úósimdik], órkenıet – [úórkenıet], óńir – [úóńir], ózara – [úózara], ókpe – [úókpe], ókim – [úókim] деген сөздерде сөз басында <e>, <о>, <ó> фонемалары [ɩe], [ýo], [úó] түрінде айтылады.Ал сөз ортасында және соңында монофтонг түрінде айтылады: kilem, sebep, kerek, qora, molda, qolda, sóz, kól, tós. Демек, қазақ тілінде <e>, <о>, <ó> фонемалары сөз басында ғана [ɩe], [ýo], [úó] түрінде айтылады.
Дауысты фонемалардың да кейбіреуі әлсіз позицияда өзінің қасиетін жоғалтып, басқа фонемалардың ерекшеліктерін қабылдайды, мысалы: <y>, <i>, <e> фонемалары [u], [ú], [ó] дыбыстарына жартылай модификацияланады. Сонда <y>, <i>, <e> фонемалары [u], [ú], [ó] дауыстыларына жуық айтылады. Мысалы, qolyń – [qoluń], momyn – [momun], jolyń – [joluń], sóziń – [sózúń], kóziń – [kózúń], tósiń – [tósúń], kóɩlek – [kóɩlók], óngen – [óngón], kóngen – [kóngón].
Қазақ тіліндегі у, і дауыстылары бірінші және екінші буындарда әртүрлі айтылады. Бірінші буында аталмыш дауыстылар көмескіленіп редукцияланады, ал екінші буында олар анық айтылады. Мысалы, tynysh –tynysh, myqty – [myqty], dybys – [dybys], topyraq – [topyraq], japyraq – [japyraq], kirpik – [kirpik], tirshilik – [tirshilik], ádilet – [ádilet], qasiret – [qasiret], málimet – [málimet]. Бұл дыбыстардың екі түрлі болып айтылуы екпіннің түскен орнына байланысты. Екпін түсетін буынға қарағанда екпінсіз буындағы дауыстылар әлсіреп, редукцияға ұшырайды.
Сөз ішінде не сөз аралығында екі дауысты қатар келгенде, оның біреуі түсіріліп айтылады. Мысалы, аlа аt – а-lаt, qаrа аlа – qа-rа-lа, tory at – to-rat. Нақты айтқанда, синтагманы құрайтын сөз тіркесі бүтін фонетикалық сөз түрінде айтылады. Бұл құбылыс злизия деп аталады.
Қазақ тіліндегі b фонемасы екі дауысты дыбыстың аралығында (сөз тіркесінде немесе бір сөз ішінде) және кейбір дауысты мен дауыссыздың аралығында b-дан гөрі v-ға жуығырақ айтылады. Мысалы: abyroı – [abvyroı], abyrjý – [abvyrjý], kóbik – [kóbvik], sábiz – [sábviz], tabaq – [tabvaq], sabaq – [sabvaq], qabaq – [qabvaq], jabyq – [jabvyq], abzal – [abvzal], abdyra – [abvdyra].Сондай-ақ сөз соңында ұяң b дауыссызы қатаңданады. Мысалы, hıdjab – [hıdjap], arab – [arap], shtab – [shtap], klýb – [klýp], kýb – [kýp].
Сөз ағымында p дауыссызы позицияға байланысты өзгереді. Мысалы, qypshaq – [qyfshaq], tapshy – [tafshy] деген сөздерде қазақ тілінің фонетикалық жүйесінде кездеспейтін [f] дыбысы естіледі. Fдыбысының артикуляторлық сипаты нақ орыс тіліндегідей болмағанымен, бірақ соларға жуық айтылады. Келтірілген дыбыс қазақ тілінің төл дыбыстарына жатпаса да, күнделікті өмірде позицияға байланысты қолданылады. Аталған сөздердегі <p> фонемасының [f] вариациясында айтылуы олардың сөздегі алатын орнына байланысты, басқаша айтқанда, көршілес дыбыстардың әсерінен осылай түрленіп тұр.
Түбір мен қосымшаның аралығында s мен sh қатар келсе, sдыбысы sh-ға айналады, ал sh дыбысы s-ға айналады. Бұл s-ның sh-ға немесе sh-ның s-ға айналу құбылысы осы дауыссыздардың ерекшелігі болып табылады. Basshy – [bashshy], tasshy – [tashshy], qosshy – [qoshshy], tosshy – [toshshy], tesshi – [teshshi], kesshi – [keshshi], ashsa – [ashsha], qashsa – [qashsha], ishse – [ishshe], kóshse – [kóshshe]. Кейбір сөздерде sh дауыссызы ch-ға жуық айтылатыны бар. Сондай-ақ sh фонемасы кейде өзінің вариацияларында көрініс тауып, sh дауыссызы ch-ға айналады. Мысалы, aıtshy – [aıtchy], ótshi – [ótchi], hatshy – [hatchy], ketshi – [ketchi].
Қатар келген екі дыбыстың біріншісі z екіншісі j, s,sh болса, соңғылардың әсерінен z дыбысы айтуда j, sh, s дыбыстарына айналады: kóz jazbaý – [kój jazbaý], boz jorǵa – [boj jorǵa], qyz jibek – [qyj jibek], kóz jasy – [kój jasy], izsiz – [issiz], sózsiz – [sóssiz], tuzsyz – [tussyz], qobyzshy – [qobyshshy], tazsha – [tashsha], otyrǵyzshy – [otyrǵyshshy].Келтірілген сөздерде <z> фонемасы өзінің үш вариантында жүзеге асады: <z> = [j] [s][sh]. Қазақ тіліндегі басқа дауыссыздарға қарағанда бұл zфонемасының ерекшелігі болып табылады.
Сондай-ақ s фонемасы позицияға байланысты түрленіп, sдауыссызы (ц)-ға айналады. Мысалы, aıtsa – [aıtsa], ótse – [ótse], jatsa – [jatsa]. Ц фонемасы қазақ тілінің дыбыс жүйесінде болмаса да сөйлеу тілінде кездеседі және қазақ тілділердің артикуляторлық аппаратына икемделген. Демек, бұл дыбыс тілдің парадигмасында жоқ болса да оның синтагматикасында бар. Латыннегізді жаңа қазақ жазуына көшкенде ц әрпін с таңбамен беруге болады. С таңбасы барлық әлемдік әліпбиінде қолданылады (еуропа, түркі) тілдерінде. Латыннегізді жаңа қазақ жазуында ц әрпінің орнына с әрпін жазуға болады: сırk, сırkýl, konstıtýсıa, evolıýсıa.Мұндай жазу қазақ тілінің фонетикалық принципі бойынша орфоэпиялық нормасына сәйкес келеді. Орыс тілі арқылы енген ц фонемасы жазуда сәрпімен берілетіндіктен, айтылуда да бұл әріп қазақ тілінің табиғатына сәйкес дыбысталады.
Қатаң k, q дауыссыздары сөз аралығында және екі дауыстының арасында ұяңданады. Мысалы, qyrkúıek – [qyrgúıek], kóknnár – [kógnnár], kókjıek – [kógjıek], kók alma – [kógalma], qazaq áni – [qazaǵáni], qulaq asý – [qulaǵasý], esek dáme – [esegdáme], jaryq dúnıe – [jaryǵdúnıe], bulshyq et – [bulshyǵet], qyryq jamaý – [qyryǵjamaý]. Осындай ұяңдану процесі қоршаған дыбыстардың әсерінен туындап отыр.
Сонорl мен r дауыссыздарымен басталатын сөздердің өзіндік ерекшелігі бар. Себебі аталған дауыссыздардың алдында y мен і дауыстылары естіледі. Бұл протеза деген фонетикалық құбылыстың көрінісі. Мысалы: ras –[yras], laq – [ylaq], laj – [ylaj].
Қорыта келгенде, жазуда дыбыстардың барлық түрінің берілуінің дәлдігі талап етілмейді, тек типтік дыбыстарды (фонемаларды) беру өте маңызды. Жазбаша және ауызша сөйлеу формалары арасындағы нақты арақатынас емле ережелер арқылы және ұлттық әліпби негізінде белгіленеді. Сөйлеу тілі ұлттық жазудың бірлігін сақтауға бағытталған.
Зейнеп Базарбаева
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі
институтының бас ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының докторы