12 там, 2019 сағат 13:00

Қажылықта қазақстандықтар зардап шеккен жоқ - СІМ

Қажылықта жүрген қазақстандықтар арасында зардап шеккен адам жоқ. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Шетелдік басылымдардың жазуынша, биылғы қажылыққа әлемнің 167 елінен 1,8 млн адам барған. Солардың арасында Қазақстаннан барған 3 200 отандасымыз да бар. 

ҚР Сыртқы істер министрілігінің ақпаратына қарағанда, әзірге қазақстандықтар арасында қажылық кезінде зардап шеккен адам жоқ.

«Қажылық кезінде зардап шеккен Қазақстан Республикасының азаматтары туралы ешқандай хабар түскен жоқ», - дейді министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Бұған дейін Азертадж агенттігі Сауд Арабиясында қажылық маусымы кезінде 190 мың адамға медициналық қызмет көрсетілгенін хабарлаған болатын. 

Мәдинада мұсылман күнтізбесі бойынша зұлқада айының алғашқы күнінен зұлхижжа айының екінші күніне дейінгі аралықта 190 719 адам дәрігер көмегіне жүгінген. Соның ішінде 297 адамның жүрегіне ота жасалған. Бұдан бөлек, 921 диализ процедурасы, 44 лапороскопия отасы, 293 хирургиялық ота қолданылған.

«New York Times» биылғы қажылық Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы саяси әрі дінаралық салқындық бәсеңсімей тұрған шаққа, бүкіл араб әлемі Йемен, Сирия және Ливия елдеріндегі жағдайға алаңдап отырған кезеңге дөп келгенін жазды. Үндістанның Кашмирінде, Мьянма мен Қытайда да ислам дінін ұстанушыларға қысым артып тұрғанын еске салған басылым қажылық үшін АҚШ азаматтарына 20 мың квтоа бөлінген баяндаған.

«Сауд королі Салман Жаңа Зеландияның Крайстчерч қаласында екі бірдей мешітке жасалған шабуылда қаза болған 51 мұсылманның 200 туысқанын қажылық қонағы ретінде шақырды» , - делінген мақалада.

Биыл қажылыққа квота алған елдердің арасында Конго жоқ. Шетелдік БАҚ-тың жазуынша, Сауд Арабиясы аталмыш елде эбола дертінің өршіп тұруына байланысты, квота беруден бас тартқан.

Меккегге аттанған отандастарымыз өзге де мұсылмандармен бірге 10-13 тамыз аралығында құлшылық рәсімдеріне қатысады. Олардың қауіпсіздігіне ондаған мың қауіпсіздік қызметінің мамандары, 17 мың азаматтық қорғаныс саласының өкілі тартылған.

Әзірге 2019 жылғы қажылық туралы төмендегі сандар ғана белігілі. Саудиялық БАҚ мәліметі бойынша, қажылық өтеушілер саны 2,5 млн адамға жақындаған.

Ел билігінің ресми дерегі бойынша, қажылық сапар үшін әлемнің әр түкпірінен 3000 әуе рейсі қатынаған. Құрбандық үшін құлшылық етушілерге 1 млн-нан астам мал бөлінген.