24 нау, 2022 сағат 22:02

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Кувейтке ресми сапармен барды


Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Кувейтке алғашқы ресми сапармен келді. Сапар аясында сыртқы саяси ведомствосының басшысы Кувейт Сыртқы істер министрі шейх Ахмед Насер ас-Сабахпен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Тараптар Қазақстан-Кувейт қатынастарының оң қарқынын атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылады. Сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікті тереңдетудің маңыздылығы атап өтілді.

Өзара тиімді әріптестікті одан әрі дамытуды қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан-Кувейт үкіметаралық комиссиясының жұмысын жандандырудың маңыздылығына ерекше назар аударылды. Ағымдағы жылдан бастап екі елдің Сыртқы істер министрлері осы комиссияға бірлесіп төрағалық ететін болады.


Қазақстан мен Кувейт СІМ басшылары көпжақты ынтымақтастық шеңберіндегі өзара іс-қимылдың деңгейі мен мазмұнына қанағаттанғандықтарын білдірді. Өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде жан-жақты пікір алмасылды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Кувейт Сыртқы істер министрлерінің Бірлескен мәлімдеме қабылданды.

Сапар аясында М.Тілеуберді Кувейт Премьер-Министрі шейх Сабах ас-Сабахпен кездесіп, ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың Кувейт Әмірі шейх Науаф әл-Ахмед әл-Джабер ас-Сабахқа үстіміздегі жылдың қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін АӨСШК VI саммитіне қатысуға шақыруын табыс етті.


Сондай-ақ Қаржы министрі, Экономика және инвестициялар мәселелері жөніндегі мемлекеттік министр - Kuwait Investment Authority Тәуелсіз қоры Директорлар кеңесінің төрағасы Абдул-Уахаб әл-Рушейдпен келіссөздер өтті. М.Тілеуберді сұхбаттасын «Астана» Халықаралық қаржы орталығының қызметімен таныстырып, Кувейт тарапын АХҚО-мен ынтымақтастыққа шақырды.

ҚР Сыртқы істер министрі Alshaya Group Кувейттің ірі инвестициялық холдингінің басшысы Мохаммед әл-Шайамен кездесті. Кувейттік бизнесмен өз компаниясының Қазақстанның нарығына қатысуын кеңейтуге мүдделілігін білдірді. Қазіргі уақытта компания ҚР-да Starbucks кофеханалар желісін, Mothercare балалар киім дүкендерін кеңейту, сондай-ақ Victoria 's Secret, American Eagle, Claire' s және басқа да жаңа халықаралық сауда брендтерін тарту бойынша жоспарларды қарастыруда.