30 қаз, 2024 сағат 15:12

Қазақстанның қорғаныс жүйесіне «өзін-өзі қорғау құралымы» және «ерікті адам» деген жаңа ұғымдар енгізіледі

Фото: Қорғаныс министрлігі

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Ult.kz.

Негізгі заң жобасының мақсаты – елдің қорғаныс қабілетін арттыру, халықтың, аумақтық қорғаныс объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Қазақстан аумағын жұмылдыру, соғыс жағдайы мен соғыс уақытында республика аумағын қорғау.

"Заң жобасында Қазақстанның қорғаныс жүйесіне «өзін-өзі қорғау құралымы» және «ерікті адам» деген жаңа ұғымдар енгізіледі. Өзін-өзі қорғау құралымдары соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында жергілікті әскери басқару органдарын құрады.
Еріктілер дегеніміз – өзін-өзі қорғау құралымдарына ерікті түрде қабылданған Қазақстан азаматтары", - делінген хабарламада.


Еріктілердің қатарына өзін-өзі қорғау құралымдарын құру кезінде Қарулы Күштер қатарына шақырылмаған, жұмылдырылуға жататын және жатпайтын адамдар кіретіні айтылады. Олар елдімекендерді, аумақтық қорғаныс объектілерін күзету және қорғау жөніндегі міндеттерді орындауға, қорғаныс құрылыстарын салуға, эвакуациялау шараларын жүргізуге және басқаларға тартылады. Жауынгерлік тапсырмаларды орындау үшін Қарулы Күштердің құрамына еріктілерден тұратын жеке өзін-өзі қорғау құралымдары енгізілуі мүмкін.

Ілеспе жоба аясында Кәсіпкерлік кодекске және бес заңға түзетулер енгізіледі. Олар тиісті мемлекеттік органдардың (Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Төтенше жағдайлар министрлігі, жергілікті атқарушы органдар) аумақтық қорғаныс саласындағы құзыреттерін біріктіреді.