11 сәу, 2022 сағат 15:29

Қазақстанмен өзара байланысты тереңдетуге бейілміз - АҚШ мемхатшысының орынбасары


АҚШ Мемлекеттік хатшысының азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары жөніндегі орынбасары Узра Зея Ресейге қарсы санкцияның Қазақстанға ықпалына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз екіжақты қарым-қатынастың 30 жылдығын атап өтіп жатырмыз және Қазақстанмен өзара байланысты тереңдетуге бейіл екенімізді растағым келеді. Бүгін барынша сындарлы әрі жемісті диалог болды. АҚШ Қасым-Жомарт Тоқаевтың 16 наурызда жариялаған саяси күнтәртібін қолдайтынын қуаттаймын. Бұл бастамалар жүзеге асса, ол Қазақстанның барша қазақстандықтар үшін әділ әрі инклюзивті орынға айналуына көмектеседі. Орталық Азиядағы тұрақтылық пен өркендеуді ілгерілету мақсатымызда Қазақстанның орны ерекше», - деді ол бүгін еліміздің Сыртқы істер министрлігінде өткен кездесуден кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай. 

Сонымен қатар ол РФ президенті мен аталған елдің бірқатар азаматына қатысты санкция қолданылғанын атап өтті. 

«Бәріміз де Ресейдің Украинаға әділетсіз басып кіруіне байланысты туындаған халықаралық дағдарыспен бетпе-бет келіп отырмыз. Халықаралық қоғамдастық жедел үн қатып, Ресейге қатысты бірқатар санкцияны шұғыл ұсынды. Олар қызметкерлер мен серіктестерге, оның Қазақстанға теріс ықпалын қысқартуға бағытталған. Біздің санкциямыз президент Путинге және халықаралық саясатты тұрақсыздандыруға жол берген немесе соғысқа қарсы шыққан ресейліктерді басып-жаншуға тартылған РФ кейбір тұлғаларына қарсы бағытталып отыр», - деді Узра Зея.