Қазақстанда үш мыңға жуық жаңа жедел жәрдем көлігі қажет. Бұл туралы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарушы директоры Ерсайын Хамитов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Парламенті Сенатында республикалық бюджетке қатысты заң жобасының таныстырылымында сенатор Михаил Бортник елімізде жедел жәрдем және өрт сөндіру көліктерін шығару бойынша қандай қадамдар қарастырылғанын сұрады.
«Арнайы автокөліктерді қанша сатып алсақ та, кейіннен оларды 3-4 жылда жаңарту қажеттігі туандайтыны анық», - деді М. Бортник.
Өз кезегінде Ерсайын Хамитов автокөліктер отандық өндірістерде құрастырылатынын «Hyundai» маркалы автомобильдер екенін жеткізді.
«Лизингтік қаржыландыруға тоқталсақ, жылдық жеті пайыз ставкамен 5-7 жылға бөлінеді. 2019-2020 жылдары 818 жедел жәрдем көлігін жаңартуды жоспарлап отырмыз. Жалпы қажеттілік 3 000 жуық», - деді Е. Хамитов.
ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиевтің айтуынша, ел өңірлерін жедел жәрдем көліктерімен қамтамасыз ету бағытында Индустрия және инфрақұрылымдық даму және Денсаулық сақтау министрліктері арасында тиісті Жол картасы бекітілді.
«Жаңа әріптесім айтқандай, үш мыңға жуық автокөлік қажет. Қазіргі кезде бұл көліктер құрастырылуда», - деді вице-министр.