09 жел, 2020 сағат 14:01

Қазақстанға басқа елдерден КВИ жұқтырып келетін азаматтардың саны едәуір азайды

Қазақстанға басқа мемлекеттерден коронавирус жұқтырып келген азаматтардың саны біршама азайды. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Коронавирус жұқтырғандардың саны азайып келе жатқан өңірлерде шектеу шаралары әлсін-әлсін алынып жатыр. Атап айтқанда Шығыс Қазақстанның «сары» аймаққа өтуіне байланысты облысішілік автобус және басқа да жолаушылар көлігі қатынасы қалпына келтірілді. Аптаның қай күніне қарамастан ашық азық-түлік базарларының жұмысына рұқсат берілді. Сонымен қатар төрт облыста ойын-сауық орталықтарының жұмыс режиміне өзгерістер енгізіліп, олардың демалыс және мереке күндері жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Сонымен қатар азық-түлік сататын және сатпайтын басқа да базарлардың жұмысынан тыйым алынып тасталды. Алматы қаласында және Қарағанды облысында сауда және халыққа қызмет ету нысандарының жұмысын қайта бастауға мүмкіндік берілді», - деді баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов.

Вице-министрдің айтуынша, шекарадағы санитарлық бақылау жұмысы жүргізілуде.

«9 желтоқсанға дейін мемлекеттік шекарада тексеру барысында 635 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Жалпы сырттан коронавирус жұқтырып келгендердің саны азайып бара жатқанын атап өту керек. Нақтырақ айтқанда мемлекеттік шекарадан автокөлік арқылы өткендердің арасында індет жұқтырғандардың саны 1,5 есе, әуе жолаушылардың арасында 2 есе азайды», - деді ол.