07 қар, 2019 сағат 12:17

Қазақстандықтардың қаржы аударымдары тексеріледі

ҚР Қаржы министрлігі салық төлеуден жалтаратын кәсіпкерлерді анықтау үшін азаматтардың ақша аударымдарын тексеруді жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Қаржы министрінің міндетін атқарушы Берік Шолпанқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Егер адам кіріс алатын болса, онда электронды түрде жүзеге асырылатын барлық процедураға салық салынуы тиіс. Төлем көзінен ұсталуы тиіс. Көлемі әртүрлі. Егер ол жеке кәсіпкер болса, онда жеке табыс салығы, ал егер заңды тұлға болса, онда корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы және басқалары. Барлық төлемдер жайында да айтуға болмайды. Сіз өз жақындарыңыздың балансын толтырып, көмек көрсетуіңіз мүмкін. Барлығы дербес қаралады, нақты бір сома жоқ», - деді ол Сенаттың жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Дегенмен, мұның барлық электронды транзакцияларға қатысы бар екендігін атап өтті.

«Мәселен, егер сіз коммуналдық есепшотты төлесеңіз оны тексеруге болады ғой. Аталған қаржыны алушы бар. Оған Салық комитеті мониторинг жүргізеді. Егер әртүрлі жеке тұлғалардан төлем түсетін болса, онда ол адам кенеттен 1 мың теңгеден ала бастады? деген сұрақ туындайды. Оның кіріс алып жатқандығы да түсінікті. Ал сіз әкеңізге ақша жіберсеңіз оның кіріс еместігі түсінікті», - деді Берік Шолпанқұлов.

Сонымен қатар ол адамдардың науқасқа ақша жинау мақсатында қаражат аударымдарына қатысты мәселенің басын ашып берді.

«Мұның барлығы артынан тексеріледі. Салық қызметі тексеретін болады. Төлем мәртебесі енгізіліп қалар. Мәселен, ақша аударымы тауарға немесе қайырымдылыққа аударылды деген сияқты. Яғни, саралау жүргізілуі тиіс, барлық төлемдер белгіленіп отыруы қажет. Егер жақынын қолдауға аударса, бір түрі, тауар сатып алса, басқа түрі, түбіртек алмайсыздар ғой. Ол ескі велеосипед саттың ба, бірден бізде салық дегендей болмайды», - деді ол.